Бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаевтың қатысуымен электр жарығы тапшылығын жою бойынша кеңес отырысы өтті. Жиынға Түркістан облысы бойынша “Оңтүстік жарық транзит” мекемесінің техникалық директоры Талғат Ташимов, Сарыағаш аудандық электр жүйесінің басшысы Жақсылық Баянов, ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша аумақтық департамент басшысы Динмухаммед Абдыханов және жергілікті кәсіпкерлер қатысты.
Кеңесте соңғы жылдары аудан көлемінде өндірістік нысандар мен кәсіпкерлік саласының қарқынды дамуына байланысты электр энергиясына деген сұраныстың айтарлықтай артқаны атап өтілді. Бұл өз кезегінде қолданыстағы орталық қосалқы станцияның жүктемесіне әсер етуде. Оған қоса, Сарыағаш ауданы бойынша ағымдағы инвест бағдарламамен бекітілген және Ұлтық жобаға ұсынылған нысандар талқыланды.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев бұл мәселенің маңыздылығына тоқталып, аудандағы электр энергия тапшылығын жою бойынша нақты шаралар қабылдау қажеттігін алға тартты. Аталған жоба іске асса, кәсіпкерліктің одан әрі дамуына жол ашылып, тұрғындар мен өндіріс орындары сапалы және тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етілетінін жеткізді.
Жиын барысында тиісті мекемелерге техникалық-экономикалық негіздеме дайындау, қажетті қаржыландыру тетіктерін қарастыру және жобаны кезең-кезеңімен іске асыру бойынша тапсырмалар берілді.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі