САРЫАҒАШТЫҚ ПАЛУАН АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ

САРЫАҒАШТЫҚ ПАЛУАН АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ

 

2025 жылғы шілде айында Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында грек-рим күресінен 20 жасқа дейінгі жастар арасында өткен Азия чемпионатында қазақстандық балуан, Сарыағаш қаласындағы “Қажымұқан” атындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Дүйсенбек Омар 77 келі салмақ дәрежесінде күміс жүлдеге ие болды.

Жас спортшы жарыстың алғашқы белдесуінде Оңтүстік Корея палуанын 10:0 есебімен айқын басымдықпен жеңіп, кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Екінші айналымда өзбекстандық қарсыласын жауырынын жерге тигізіп, таза жеңіске жетсе, үшінші белдесуінде қырғыз балуанын 3:0 есебімен ұтып, финалға жолдама алды.

Ақтық сында тәжірибелі ирандық спортшыға есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Дегенмен, бұл көрсеткіш – болашағынан зор үміт күттіретін жас палуан үшін үлкен жетістік.

Дүйсенбек Омарды және оның алғашқы жаттықтыру ортасы — “Қажымұқан” атындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымын құттықтай отырып, болашақта жаңа белестер мен жеңістер тілейміз!

Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі