
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың жұмыс жоспарына сәйкес, әр екі апта сайын құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысы мен сапасын тұрақты түрде тексеруде. Осы ретте, аудан басшысы бүгін Жібек жолы ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып, ауылды округке қарасты Сарқырама, Зортөбе және Қарабау елді мекендерін ауыз су қамту мақсатында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысын пысықтады.
Аталған округте тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында ауқымды инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Аудан әкімі құрылыс жұмыстарының сапасы мен уақытылы орындалуын қамтамасыз ету бойынша ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне нақты тапсырмалар жүктеді. Құрылысқа пайдаланылатын материалдардың сапасына аса мән беруді тапсырды.
Бүгінде, Сарқырама елді мекенінде – 24,2 шақырым , Қарабау елді мекенінде – 12,7 шақырым және Зортөбе елді мекенінде – 28,9 шақырым ұзындықта ауыз су құбыры тартылып, су қоймаларының құрылысы жүргізілуде.
Сонымен қатар, аудан әкімі Арман Абдуллаев Қабланбек ауылдық округі, Жонарық елді мекеніндегі 200 орындық мәдениет үйі мен кітапхананың құрылыс жұмыстарының жай-күйімен танысты. Құрылыс жұмыстарын жағдайын саралай отырып, ауданның құрылыс және сәулет, қала құрылысы бөліміне мердігерге қатысты заң аясында шешім жобасын ұсынуды тапсырды.
Айта кетсек, Жонарық елді мекеніндегі 200 орындық мәдениет үйі мен кітапхананың құрылысы биыл сәуір айында басталып, аудан басшысы жауапты мердігер мекеме өкіліне жұмысты жүйелеп жандандыруды бірнеше рет тапсырған. Алайда, бүгінгі күнге дейін тек жер жұмыстары ғана жүргізілген.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі