САРЫАҒАШ: ЗАҢ ЖӘНЕ ТӘРТІП ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ АЯСЫНДА ҚОҒАММЕН КЕЗДЕСУЛЕР ӨТТІ

САРЫАҒАШ: ЗАҢ ЖӘНЕ ТӘРТІП ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ АЯСЫНДА ҚОҒАММЕН КЕЗДЕСУЛЕР ӨТТІ

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында ел көлемінде бірқатар нақты бағыттар айқындалып, жүзеге асырылуда. Аталған бағыттарды жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 1 сәуірдегі №200 қаулысымен «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдама» бекітілген болатын. Бұл тұжырымдама еліміздегі құқық қорғау органдарының заң бұзушылықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық шараларын жүйелі түрде іске асыруын көздейді.

Тұжырымдама аясында қоғамда құқықтық мәдениетті арттыру, азаматтардың заңды білуі мен оны сақтау маңыздылығын терең түсінуіне ықпал ету басты міндеттердің бірі ретінде айқындалған. Сонымен қатар, құжат сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, көлеңкелі әрекеттерге қарсы қоғамдық иммунитет қалыптастыру және белсенді азаматтық ұстанымды нығайтуды көздейді.

Осыған орай, бүгін Сарыағаш ауданында аудан прокурорының орынбасары Асылбек Туршековтің бастамасымен арнайы мобильді топ құрылып, халықпен кездесу ұйымдастырылды. Топ құрамында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, экономикалық тергеп-тексеру органдарының өкілдері болды. Алдымен мобильді топ аудан активімен кездесіп, «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыстар бойынша ақпараттар берді. Кейін тұрғындарға арнап қоғамдық қабылдау өтті. Қабылдау барысында азаматтардың сауалдары тыңдалып, құқықтық кеңестер берілді.

Қабылдауға Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Алдияр Қозыбаев, аудан прокуроры Жандарбек Азимханов, Түркістан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Сарыағаш аймағы бойынша ауданаралық басқармасының өкілі Қанат Данияр , Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға тергеушісі Дулат Бидайбек қоғамдық қабылдауға қатысып, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарына назар аударды.

Бұл шаралар құқықтық тәртіпті нығайту мен халықпен ашық диалогты жолға қою бағытындағы жүйелі жұмыстардың бір бөлігі болып табылады.

Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі