Бүгін Түркістан қаласында әйелдер мен жастардың цифрлық және қаржылық сауаттылығын арттыруға арналған «AqylTech және IT-Aiel» атты оффлайн воркшоп ұйымдастырылды. Шараға Түркістан облысының аудан-қалаларынан цифрлық әлемде бәсекеге қабілетті болғысы келетін жастар мен әйелдер жиналды.
Жиынды Түркістан облысының Цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Тураби Сейітұлы ашып берді. Ол қатысушыларға заманауи технологияларды меңгерудің маңыздылығын атап өтті.
Воркшоп барысында қатысушылар цифрлық дағдылар, қаржылық жоспарлау, киберқауіпсіздік және жасанды интеллект негіздері бойынша пайдалы ақпараттар алды. Бұл білімнің барлығын олар болашақта табыс табу және отбасылық экономиканы тиімді басқару үшін пайдалана алады.
Ал IT-Aiel жобасы жас аналар мен көпбалалы әйелдердің цифрлық сауаттылығын арттырып, экономикалық дербестігін нығайтуға бағытталған. Оларға жасанды интеллектіні отбасылық бюджетте қолдану жолдары мен кибералаяқтықтың алдын алу туралы мағлұматтар берілді.
Шара соңында «TechnoWomen» қауымдастығының мүшесі Алуа Корпебаева қатысушылар арасында «Отбасылық стартап» ойынын ұйымдастырып, оларды кәсіпкерлікке баулыды. Қатысушылар өз идеяларын ұсыну арқылы белсенділік танытып, практикалық тәжірибе жинады.