ТҮРКІСТАНДА ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТТІ ҚОЛДАНУҒА АРНАЛҒАН ОФЛАЙН МАСТЕР-КЛАСС ӨТТІ

ТҮРКІСТАНДА ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТТІ ҚОЛДАНУҒА АРНАЛҒАН ОФЛАЙН МАСТЕР-КЛАСС ӨТТІ

Бүгін Turkistan Hub алаңында IT-саласының үздігі, “Түркістан сақшылары” анимациялық жобасының авторы Ғасыр Құралбайұлы офлайн форматта шеберлік сабағын өткізді. Іс-шараға Түркістан облысының Цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасына қарасты “IT индустриясын дамыту” бөлімінің бас маманы Айтнұр Мырзагелді мен ақпараттық технологиялар саласына қызығушылық танытып жүрген мамандар қатысты.

Мастер-класс барысында IT-эксперт жасанды интеллекттің күнделікті жұмыстағы мүмкіндіктері мен тиімді қолдану жолдары туралы кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, ChatGPT секілді заманауи қосымшаларды қалай пайдалану керектігі, оған дұрыс сұрақтар қою арқылы қандай нақты ақпараттар алуға болатыны жайлы пайдалы кеңестерімен бөлісті. Сонымен қатар, бұл құралдарды жұмыс өнімділігін арттыруда қалай тиімді қолдануға болатыны туралы түрлі тәсілдер ұсынылды.

Шара аясында болашақта қандай мамандықтарға сұраныс төмендеуі мүмкін және керісінше, қандай салаларда кадр тапшылығы туындайтыны жайында да пікір алмасылды. Ғасыр Құралбайұлы қатысушыларды сергіту мақсатында мотивациялық және командалық ойындар ұйымдастырып, сабақтың практикалық бөлігін жандандыра түсті.