САЙРАМ АУДАНЫНЫҢ ЖАСТАРЫ «AL-FARABI» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ ОЙЫНЫНДА БІРІНШІ ОРЫН АЛДЫ

САЙРАМ АУДАНЫНЫҢ ЖАСТАРЫ «AL-FARABI» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ ОЙЫНЫНДА БІРІНШІ ОРЫН АЛДЫ
     Түркістан облысында 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні қарсаңында республикалық «AL-FARABI» интеллектуалды ойыны өз мәресіне жетті. Екі күнге жалғасқан білімділер бәйгесінде Сайрам ауданынан қатысқан «Эрудит» командасы бірінші орынды олжалады.
     Аталмыш интеллектуалды сайыстың финалдық кезеңіне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Біржан Әлімжанов қатысып, жеңімпаз атанған жастарды марапаттап, сәттілік тіледі. Сондай-ақ, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов озық ойлылар ойынына арнайы қатысып, жастарға ақпараттық қолдау білдірді.
– Түркістан төрінде жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін республикалық «АL-FARABI» интеллектуалды ойыны биыл да өз жалғасын тауып отыр. Бұл сайыс облысымызда Жастар Ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен жыл сайын тұрақты өткізіліп келеді. Нағыз білімге құштар, үнемі ізденіс жолында жүретін жастардың басын біріктіретін республикалық деңгейдегі интеллектуалды сайыстардың біздің өңірімізде өтіп жатқандығы көңіл қуантады.«Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» дегендей, сайысқа қатысып өз бақтарын сынаған барлық командаға алғыс айтамын. Аталмыш сайыстың іріктеу кезеңдерінен дара шығып, финалдық кезеңдерге жолдама алған командаларға сәттілік тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев.
     Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бастамасымен өткізілген шара дарынды жастарды қолдауға, олардың танымдық қызығушылықтарын оята отырып, білім деңгейін көтеруге бағытталған. Бұдан бөлек, интеллектуалды ортаны қалыптастыруды, жастар арасында ораторлық мәдениетті, толеранттық тәртіп пен азаматтық танымды дамытуды мақсат тұтады. Облыс орталығында нағыз зейінді жастардың басын біріктірген бұл сайысқа 100-ге жуық команда өтінім берген. Оның ішінде Түркістан облысынан бөлек, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Жамбыл, Павлодар және Қызылорда облыстарының да командалары бар.
Бір-бірінен асып түсетін жүйріктер жарысының іріктеу кезеңінде кіл мықтыны анықтаған командалар, тартысқа толы ойынның көркін қыздырды. Финалға жолдама алған командалар көрермендерді керемет көңіл-күйге кенелтті.
     Зияткерлік сайыста 72 команда арасынан 12 команда топ жарып, ширек финалға шықты. Олардың төртеуі финалдық кезеңнің жолдамасын сарапқа салып, нәтижесінде бірінші орынды Сайрам ауданының «Эрудит» командасы жеңіп алды. Ал екінші орын Жамбыл облысынан келген «Chicago bulls» командасы алса, үшінші орын бәйдібектік «BBC» командасына бұйырды. Жеңіс белесіне көтерілген жүлдегерлерге қаржылай сыйлық табысталды. Бәсеке барысында таным көкжиегін кеңейткен әрбір командаларға «Үздік ұжым», «Үздік білімгер», «Үздік топ басшы», «Үздік жауап», «Үздік киім үлгісі» номинациялары берілді.
     Естеріңізге сала кетейік, білімділер бәсекесінің бірінші кезеңі 28 мамыр күні «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында өткен болатын.