Құрметті ардагерлер!
Қадірменді аудан тұрғындары!
Сіздерді 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Ұлы Отан соғысы біздің халқымыздың, батыр бабаларымыздың, әкелеріміз бен аналарымыздың биік рухын, ерлігі мен қаһармандығын әлемге танытты. Біз қашанда ерлік пен батырлықтың көзсіз үлгісін көрсеткен Ұлы Отан соғысының жалынды жолдарынан өткен жауынгерлердің рухына тағзым етіп, бас иеміз.
Президентіміз, Мемлекет басшысы, Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Біз ержүрек аға буынның алдында мәңгі қарыздармыз.
Олардың қайсарлығы мен төзімділігінің, табандылығы мен патриоттығының арқасында бейбіт заманда өмір сүріп, жарқын болашағымызға жол аштық» деп атап өтті.
Сондықтан Жеңіс күні аға ұрпақтың ерлігін мәңгілікке ел жадында сақтауға арналған ең қастерлі мереке.
Адамзаттың қас жауы – фашизмнің қара түнегін сыпырып тастап, осынау бейбіт өмірге жол салған, қайтпас, қайсар рухтың жанкешті жауынгерлері ардагерлеріміз аман болғай!
Қадірлі қауым!
Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына қанша уақыт өтсе де, Бұл Жеңістің құны төмендеген жоқ. Осынау сұрапыл соғыста 1 млн. 200 мың қазақстандық майданға аттанып, олардың тең жартысы үйлеріне оралмады. Төрт жылдық соғыста 700 мыңнан астам азамат еңбек армиясында күндіз-түн жұмыс істеді. Соғыста атылған әрбір 10 оқтың 9-ы біздің Отанымызда құйылды. 500 қазақстандық майдангер Кеңес Одағының Батыры болды. 113 қазақстандық «Даңқ» орденінің үш дәрежесі бойынша кавалер атанды.
Біздің Сайрам ауданынан да 20 195 адам соғысқа аттанып, соның 8 115-і еліміздің бостандығы жолында қаза тапты. Ауданымыздан Таштемір Рустемов, Владимир Вишневецкий, Зиямад Хусанов, Ботабай Садыков сынды Кеңес Одағының Батырлары шықты.
Сондай-ақ, қарасулық жерлесіміз Степан Головко, ақбұлақтық Әбдібай Құрмантаев, манкенттік Қадырқұл Мауленовтей майдангерлеріміз ұрыста қаһармандық ерлік көрсетті. Бүгінде ауданымызда Ұлы Отан соғысының жалғыз ардагері, Қарабұлақ ауылының тұрғыны Ахмаджан Анартаев атамыз бүгінде 98 жаста.
Біз ұдайы «Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды», – деген ұранды ұстанған халықпыз. Бүгінгі жас ұрпақ аға буын ардагерлер көрсеткен қаһармандық пен қайсарлықты, батырлық пен батылдықты үйренеді. Ардагерлеріміздің мәңгі өшпес ерлігі жүрегіміздің төрінен орын алады. Болашақта да солай бола бермек.
Қадірменді мерекеге жиналған көпшілік!
Сіздерді Ұлы Жеңіс күні мерекесімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! Ұрпақтарыңыздың қуанышын көріп, бақытқа кенеле беріңіздер! Баршаңызға мықты денсаулық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін!
Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын!
Жеңіс күні құтты болсын!