АРМАН СӘБИТОВ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА ТҰРҒЫНДАРДЫ ҚОРШАҒАН ОРТАҒА БЕЙЖАЙ ҚАРАМАУҒА ШАҚЫРДЫ

АРМАН СӘБИТОВ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА ТҰРҒЫНДАРДЫ ҚОРШАҒАН ОРТАҒА БЕЙЖАЙ ҚАРАМАУҒА ШАҚЫРДЫ

     Аудан әкімі Арман Сәбитов республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында аудан аумағында атқарылып жатқан тазалық жұмыстарының барысын бақылады.

     Сапар барысында тұрғын үй аулаларына гүл егу, ағаштардың түбін әктеу, көше атаулары ескірген тақтайшаларды жаңарту, аудан аумағын қоқыстан тазарту, жол жиектеріндегі қураған ағаштарды қырқу, олардың орнына жаңа көшет ағаштарын отырғызу секілді бірқатар тазалық жұмыстарымен танысты.

     Тындырылып жатқан тірліктерді таразылаған аудан басшысы тұрғындарды қашанда қоршаған ортаға немқұрайды қарамауға шақырды.

   - Бәрімізге белгілі, біздің Сайрам ауданы тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан, мұнда табан тірейтін тұрғындар да көп. Сондықтан ұдайы айналаны таза ұстап, аудан тазалығына атсалысу – баршамыздың борышымыз. Бұл әрбіріміздің көңілімізге қуаныш сыйлайды. Ал тап осындай шаралар өскелең ұрпақты тал бесіктен тазалыққа, тәртіпке тәрбиелейді. Сондықтан баршамыз экологиялық жауапкершілікті сезіне білуіміз тиіс, - деді Арман Сәбитұлы.

     Шынында, әрбір азамат қоршаған ортаны қорғауға белсене атсалысса, аудан аумағының ажары одан әрі ашыла түсетіні анық.