ОТҚА ОРАНҒАН ЖЫЛДАР ЖҰРТШЫЛЫҚ ЖАДЫНДА ЖАҢҒЫРДЫ

ОТҚА ОРАНҒАН ЖЫЛДАР ЖҰРТШЫЛЫҚ ЖАДЫНДА ЖАҢҒЫРДЫ

     Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай ұйымдастырылған  мерекелік іс-шара Орталық саябақтағы «Мәңгілік алау» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды.

   Іс-шара аясында Ауған соғысында шейіт болған жерлестерімізге Құран бағышталды. Жалындаған жастық шақтарын оқ пен от арасында өткізіп, елге аман-сау оралған жауынгерлердің өшпес ерліктері айтылды.

  Жалынды жылдарды жұртшылық жадында жаңғыртқан жиын  одан әрі аудандық мәдениет үйінде «Сарбаздан сәлем» атты мерекелік іс-шарамен жалғасын тапты. Шара шымылдығы көрермендерің отқа оранған жылдарды сипаттайтын бейнебаянды көруімен түрілді.

  Жиынды аудан әкімі орынбасары Мадияр Алипов ашып, құттықтау сөз сөйледі. Жиналған қауымға, өскелең ұрпаққа өзінің жүрекжарды лебіздерін білдіріп, ел тыныштығы мен бейбіт өмір тіледі.

  Жиын барысында Ауған соғысы ардагерлеріне арнайы төсбелгілер табысталды. Бұдан бөлек, «Қазақ халық театрының» талантты өнерпаздары тарих беттерінде қара таңба болып сақталған сұрапыл соғыстың сипатын сондай шеберлікпен сомдады. Ал Жамбыл орта мектебінің шәкірттері әскери ойынның тың түрін көрсетіп, көрермендерді ерекше күйге бөледі. Аудандық мәдениет үйінің таланты таудай жастары жауынгерлердің өшпес өнегелі өмір жолын әсерлі әуендермен жүректен-жүрекке жеткізе білді.