Қайырлы күн! Мен міндетті зейнетақы жарналарын өз бетімше өзім үшін аудара аламын ба?

Қайырлы күн! Мен міндетті зейнетақы жарналарын өз бетімше өзім үшін аудара аламын ба?

Қазақстан Республикасының қолданыстағы зейнетақы заңнамасына сәйкес салымшылар міндетті зейнетақы жарналарын салымшының агенті (жұмыс беруші)аудару жолымен төлеуге тиіс.Бұл ретте «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан бұрын – ЗТМО) міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) өз пайдасына аудару арқылы мына жеке тұлғалар ғана төлей алады:

- жеке кәсіпкерлер;

- жеке нотариустар;

- жеке сот орындаушылары;

- адвокаттар;

- кәсіби медиаторлар;

-азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар;

- бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер.

Осылайша, егер сіз жоғарыда аталған тұлғалар санатына жатпасаңыз, онда МЗЖ есебінен қалыптастырылған жеке зейнетақы шотын өз бетіңізше толтыру мүмкін емес.

Болашақта неғұрлым жоғары зейнетақы төлемдерін алу үшін Сіз МЗЖ-мен қатар қазірдің өзінде өз пайдаңызға ерікті зейнетақы жарналарын (ЕЗЖ) төлей аласыз. Оларды жеке тұлғалар өз пайдасына, жеке және заңды тұлғалар үшінші тұлғаның пайдасына енгізе алады. Бұл ретте ЕЗЖ мөлшері мен төлеу кезеңділігін жеке немесе заңды тұлға дербес белгілейді.

ЕЗЖ төлеудің артықшылықтарының бірі – жеке тұлға ЕЗЖ-ны өз табысы есебінен жеке пайдасына төлеген кезде салық заңнамасында ЕЗЖ төленген сомаға салық шегерімінің көзделгендігі. Бұдан басқа, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық агенті (жұмыс беруші) өз қаражаты есебінен қызметкердің пайдасына төлейтін ЕЗЖ корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегерімге жатқызылады. Сонымен қатар, жұмыс берушінің қызметкердің пайдасына төлеген ЕЗЖ сомасы қызметкердің табысына салық салу кезінде ескерілмейді.

Бұдан басқа, ЕЗЖ-ға МЗЖ сияқты инвестициялық табыс есептеледі, ол сіздің жинақтарыңызды айтарлықтай ұлғайтуы мүмкін.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап ЕЗЖ есепке алынатын жеке зейнетақы шотын ашу үшін БЖЗҚ-ға келіп түскен алғашқы ерікті зейнетақы жарнасы да негіз бола алады. Осылайша, салымшыға (алушыға) Қордың кеңсесіне барудың қажеті жоқ. Пайдасына ЕЗЖ есептелінетін жеке тұлғаны сәйкестендіру ЕЗЖ аудару кезінде төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген дербес деректер (ТАӘ, ЖСН, туған күні) бойынша жүзеге асырылатын болады. Ал жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын қолданыстағы құжаттың деректемелері, тұрақты тұратын жері туралы барлық қажетті мәліметтерді БЖЗҚ мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйелерінен алады.

БЖЗҚ-ға ЕЗЖ төлеуді екінші деңгейдегі банктер (ЕДБ) немесе «Қазпошта» АҚ арқылы жүзеге асыруға болады. Жекелеген ЕДБ-лар жарналарды онлайн режимінде (мобильді қосымша немесе өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы) аудару мүмкіндігін де ұсынады. Бұдан басқа, жұмыс берушіге өтініш беру мүмкіндігі тағы бар, оның негізінде жұмыс беруші БЖЗҚ-ға ЕЗЖ-ны өтініш берушінің не үшінші тұлғаның пайдасына тұрақты түрде аударатын болады.

Сонымен қатар, егер сіздің тұрақты табысыңыз болмаса және сәйкесінше жеке зейнетақы шотыңызды үнемі толтырмайтын болсаңыз, онда сіз өз пайдаңызға бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) төлей аласыз. Ол бейресми жұмыспен қамтылған азаматтардың қызметін салық органдарында тіркеудің оңайлатылған тәртібін көздейді.

Ол төлемнің төрт міндетті түрін қамтиды:

жеке табыс салығы (ЖТС);

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар;

БЖЗҚ-ға зейнетақы төлемдері;

Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорына аударымдар.

БЖТ мөлшері:

  • 1 АЕК – республикалық маңызы бар қалаларда, астанада және облыстық маңызы бар қалаларда тұратын жеке тұлғалар үшін (2021 жылы 2 917 теңге);
  • 0,5 АЕК – басқа елді мекендерде тұратын жеке тұлғалар үшін (2021 жылы 1 458,5 теңге).

 

"БЖЗҚ" АҚ баспасөз орталығы