Сәлеметсіз бе! Жақында порталдардың бірінде зейнетақы жасына жетпей-ақ БЖЗҚ-дан ерікті зейнетақы жарналары есебінен төлемдерді алуға болатыны туралы жаңалықты оқыдым. ЕЗЖ не екенін және төлемдерді 63 жасқа дейін қалай алуға болатынын толығырақ айтып бере аласыз ба?

Сәлеметсіз бе! Жақында порталдардың бірінде зейнетақы жасына жетпей-ақ БЖЗҚ-дан ерікті зейнетақы жарналары есебінен төлемдерді алуға болатыны туралы жаңалықты оқыдым. ЕЗЖ не екенін және төлемдерді 63 жасқа дейін қалай алуға болатынын толығырақ айтып бере аласыз ба?

Ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) – бұл салымшылардың өз бастамасы бойынша БЖЗҚ-ға салатын ақшасы. Оларды жеке тұлғалар өз пайдасына,  жеке және заңды тұлғалар үшінші тұлғаның пайдасына аудара алады. Бұл ретте ЕЗЖ мөлшері мен төлеу кезеңділігін жеке немесе заңды тұлға дербес белгілейді.Осылайша, мысалы, маусымда Сіз өз шотыңызды 5 мың теңгеге, ал шілдеде 10 мың теңгеге және т. б. сомаларға толықтыра аласыз. Алайда болашақта лайықты зейнетақы төлемдерін алу үшін шотты тұрақты түрде толықтырып отыру қажет.

ЕЗЖ төлеудің артықшылықтарының бірі – жеке тұлға ЕЗЖ-ны өз табысы есебінен жеке пайдасына төлеген кезде салық заңнамасында ЕЗЖ төленген сомаға салық шегерімінің көзделгендігі (яғни төленген ЕЗЖ-ға ЖТС салынбайды). Бұдан басқа, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық агенті (жұмыс беруші) өз қаражаты есебінен қызметкердің пайдасына төлейтін ЕЗЖ корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегерімге жатқызылады. Сонымен қатар, жұмыс берушінің қызметкердің пайдасына төлеген ЕЗЖ сомасы қызметкердің табысына салық салу кезінде ескерілмейді.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап ЕЗЖ есепке алынатын жеке зейнетақы шотын ашу үшін БЖЗҚ-ға келіп түскен алғашқы ерікті зейнетақы жарнасы да негіз бола алады. Осылайша, Сізге Қордың кеңсесіне барудың қажеті жоқ. Пайдасына ЕЗЖ есептелінетін жеке тұлғаны сәйкестендіру ЕЗЖ аудару кезінде төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген дербес деректер (ТАӘ, ЖСН, туған күні) бойынша жүзеге асырылатын болады. Ал жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын қолданыстағы құжаттың деректемелері, тұрақты тұратын жері туралы барлық қажетті мәліметтерді БЖЗҚ мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйелерінен алады.

ЕЗЖ есебінен төлем алуға болатын жасқа қатысты, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 33-бабы 1-тармағына сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар:

1) елу жасқа толған;

2) мүгедек болып табылатын;

3) Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерге тұрақты тұруға кететiн немесе кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету ниетiн немесе дерегiн растайтын құжаттарды ұсынған;

4) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорындағы ерікті зейнетақы жарналары мен оларға есептелген инвестициялық кіріс сомалары шегінде кемінде бес жыл зейнетақы жинақтары бар адамдардың ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерiне құқығы туындайды.

Аталған баптың 1-тармағының 4) тармақшасы  2021 жылдың 1 мамырынан бастап күшіне енді. Осы жаңашылдыққа сәйкес ЕЗЖ бойынша төлемдерді ерікті зейнетақы жарналары зейнетақы жүйесінде кемінде бес жыл болған барлық адамдар ала алады. Осылайша, ЕЗЖ есебінен қаражат жинауды мысалы, 25 немесе 35 жастан бастай отырып, тиісінше 30 немесе 40 жасқа толған кезде салымшылар өздерінің алғашқы төлемдерін ала бастайды.

Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ-ға ЕЗЖ төлеуді екінші деңгейдегі банктер (ЕДБ) немесе «Қазпошта» АҚ арқылы жүзеге асыруға болады. Жекелеген ЕДБ-лар жарналарды онлайн режимінде (мобильді қосымша немесе өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы) аудару мүмкіндігін де ұсынады. Бұдан басқа, жұмыс берушіге өтініш беру мүмкіндігі тағы бар, оның негізінде жұмыс беруші БЖЗҚ-ға ЕЗЖ-ны өтініш берушінің не үшінші тұлғаның пайдасына тұрақты түрде аударатын болады.

 

"БЖЗҚ" АҚ баспасөз орталығы