Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев аудан аумағында салынып жатқан ветеринариялық бекеттердің құрылыс барысымен танысты. Жұмыс сапасын бақылау мақсатында аудан әкімі Қайнарбұлақ, Құтарыс, Арыс, Жібек жолы, Манкент және Ақбұлақ ауылдық округтеріндегі құрылыс алаңдарын аралады.
Түркістан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, биыл Сайрам ауданында 8 ветеринариялық бекет, 8 ұсақ малды тоғыту алаңы (раскол) және 3 беккари шұңқырының құрылысы жоспарланған.
Қазіргі таңда Манкент, Арыс, Қайнарбұлақ, Жібек жолы, Құтарыс, Қарамұрт және Ақбұлақ ауылдық округтеріндегі ветеринариялық бекеттердің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Нысандарда кірпіш қалау жұмыстары аяқталып, шатырлары жабылған. Қазіргі уақытта ішкі әрлеу жұмыстары жалғасуда.
Аудан әкімі аралау барысында құрылыс жұмыстарының сапасы мен қарқынына ерекше назар аударды. Тексеру кезінде бірқатар кемшіліктер анықталып, мердігер мекеме өкілдеріне оларды қысқа мерзімде жою жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Аудан басшысы барлық нысандардың белгіленген мерзімде әрі сапалы пайдалануға берілуі тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.
Сайрам ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі