Құрметті Сайрам ауданының тұрғындары!

Құрметті Сайрам ауданының тұрғындары!
Бүгін, 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енді. Бұл еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі тарихи маңызы зор күн және мемлекетіміздің жаңа даму бағытын айқындаған, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадам.
Жаңа Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтеріп, заң үстемдігін, ашықтық пен жауапкершілікті мемлекеттік басқарудың басты қағидаттары ретінде бекітті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев:
«Біз нағыз Халық Конституциясының мызғымас құқықтық негізіне арқа сүйеп, барлық мақсат-мұраттарымызға міндетті түрде жетеміз. Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік пен Өрлеу, Тазалық пен Табиғатты аялау сынды жасампаздық құндылықтарын қоғамда берік орнықтырамыз. Бұған еш күмәнім жоқ.
Біз бірлігі бекем, біртұтас ұлт ретінде әлемдік өркениеттің шыңын бағындырып, баршаға бірдей мүмкіндік беретін және барлық азаматтың жан-жақты дамуына жол ашатын мемлекетті – Әділетті Қазақстанды құрамыз!»* – деген болатын.
Сайрам ауданының тұрғындары да тарихи референдумда жоғары азаматтық жауапкершілік танытып, ел болашағына бейжай қарамайтындықтарын дәлелдеді. Бұл – аудан халқының мемлекет тағдырына деген жанашырлығы мен елдік мүддеге деген берік ұстанымының айқын көрінісі.
Бүгінде ауданымызда Конституцияда айқындалған қағидаттарды басшылыққа ала отырып, әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Инвестициялық жобалар іске асырылып, өндіріс көлемі артып келеді. Тұрғын үй құрылысы, инженерлік инфрақұрылым, білім беру, денсаулық сақтау және кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы бастамалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, ауданның тұрақты дамуына серпін беруде.
Жаңа Конституция – мемлекетіміздің тұрақты дамуының, заң үстемдігінің және қоғамдық келісімнің берік кепілі. Оның қағидаттарын сақтау – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі әрі ел болашағына қосатын маңызды үлесі.
Баршаңызды осы тарихи күнмен шын жүректен құттықтаймын!
Елімізде әрдайым бейбітшілік пен тұрақтылық салтанат құрсын! Тәуелсіз Қазақстанымыздың тұғыры биік, бірлігі бекем, келешегі кемел болсын!