Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиевтің қатысуымен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз брифингі өтті.
Брифинг барысында өткен жылдың қорытындысы мен 2026 жылға арналған негізгі жоспарлар баяндалды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша аудан экономикасы оң көрсеткіштерге қол жеткізді. Кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды.
Негізгі көрсеткіштердің бірі – жалпы өңірлік өнім көлемі 2025 жылдың қорытындысымен 418,7 млрд теңгеге жетіп, өсім 31,2 пайызды құрады.
2026 жылы жалпы өңірлік өнім көлемін 48,5 млрд теңгеге арттырып, 467,0 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.
Өздеріңізге мәлім, Сайрам ауданы – ауыл шаруашылығы өркендеген аграрлы өңірлердің бірі. 2025 жылы аталған салада 158,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 8,9 млрд теңге инвестиция тартылды. Ал, 2026 жылы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 166,3 млрд теңгеге жеткізу көзделуде.
Мал шаруашылығын дамыту бағытында 2025 жылы 50,1 мың тонна ет, 146,4 мың тонна сүт өндіріліп, 43,5 мың тонна ет экспортталды.
Сондай-ақ, 2025 жылы ауданға 181,8 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артқан.
Ауданның өндірістік әлеуетін арттыру мақсатында 2025 жылы жалпы құны 30,3 млрд теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба іске асырылып, нәтижесінде 570 жаңа жұмыс орны құрылды. Оның ішінде 4 жоба өңдеу өнеркәсібі, 4 жоба ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асырылды.