Қазақстанның спорттағы мақтанышына айналған, халықаралық ареналарда көк Туымызды желбіретіп, ел намысын абыроймен қорғаған даңқты боксшылар – Мұхтархан Ділдәбеков пен Біржан Жақыпов Сайрам ауданына арнайы келіп, жастармен кездесті.
Тағылымы мол жүздесу жоғары деңгейде өтіп, жас буынға зор рухани серпін сыйлады. Кездесу барысында жастар сұрақтарын қойып, спорт саңлақтарынан өмірлік тәжірибеге негізделген тұшымды жауаптар алды.
Чемпиондар табандылық, тәртіп, еңбекқорлық пен отаншылдық құндылықтары жайында ой қозғап, жастарды биік мақсат қоюға, өз армандарына сеніммен қадам басуға шақырды.
Шара соңында жастар былғары қолғаптарына даңқты боксшылардың қолтаңбасын алып, естелік суретке түсіп, ерекше әсерге бөленді.
Сондай-ақ, Сайрам ауданына арнайы ат басын бұрған құрметті қонақтарға дәстүрге сай шапан жабылып, кездесу қазақы дәстүрмен түйінделді.