Сайрам ауданының орталығы Ақсу ауылында орналасқан «Қайрат» спорт кешенінде волейболдан 2009–2010 жылы туған жасөспірімдер арасындағы Түркістан облысының чемпионаты бастау алды.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Руслан Мұздыбеков пен волейболдан жастар құрамасының Түркістан облысы бойынша аға жаттықтырушысы Иса Раймханов қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Олар өңірде волейбол спортының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, мұндай жарыстар болашақ чемпиондарды тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратынын жеткізді.
Облыс біріншілігіне өңірдің әр аймағынан 14 командадан құралған 180-ге жуық спортшы қатысып, өзара мықтыларын анықтауда. Турнирдің басты мақсаты – облыс құрамасын жасақтап, наурыз айының 20–26 күндері Өскемен қаласында өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатында жоғары нәтиже көрсету.
Облыстың аға бапкері Иса Раймхановтың айтуынша, қазіргі таңда жасөспірімдер волейболында бәсекелестік өте жоғары. Қазірдің өзінде 8-ге жуық команда басты жүлдеге үміткер ретінде қарастырылып отыр.
Сайрам ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі