
Бүгін Сайрам ауданының білім бөлімінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті «Сервистік және клиентке бағдарланған мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға бағытталған қадамдық жоспар» аясында «Қызмет алушылар күні» іс-шарасы өткізілді.

Мақсаты — халыққа мемлекеттік қызметтерді алу барысында туындайтын құқықтық және практикалық сұрақтарға жедел әрі сапалы жауап беру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және мемлекеттік аппараттың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Іс-шара барысында тұрғындарға білім беру саласындағы (балабақшалар, мектептер, колледждер, жоғары оқу орындары, «Болашақ» бағдарламасы және т.б.) өзекті мәселелер бойынша құқықтық кеңестер ұсынылды. Бөлімнің бас мамандары мен әдіскерлері келген азаматтардың сұрақтарын мұқият тыңдап, заң аясында түсіндірме беріп, шешу жолдарын көрсетті.

Тұрғындар тарапынан келесі бағыттарда сауалдар жиі көтерілді:

ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қамқоршылық немесе қорғаншылық рәсімдеу,

шалғай ауылдардағы оқушыларды мектепке және үйлеріне тегін тасымалдау,

білім алушыларға тегін және жеңілдетілген тамақ ұйымдастыру,

жұмысқа орналасу,

балабақшаға кезекке тұру,

жалақының өсуі,

жол қауіпсіздігі және тұрғын үймен қамту мәселелері.

Сонымен қатар, қатысушыларға мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алу жолдары туралы қосымша ақпарат берілді.

Мұндай ашық форматтағы іс-шаралар тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы кері байланысты нығайтып, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға зор ықпал етеді. Әрбір азамат өзіне қажетті ақпаратты алып, нақты кеңестерге қол жеткізді.

Тұрғындар үшін мемлекеттік қызметшілермен тікелей, ашық диалог орнату мүмкіндігі туды. Әсіресе, ауылдық жерлерден келген азаматтар үшін мұндай шара — өз мәселесін бетпе-бет айтып, нақты кеңес алу тұрғысынан өте маңызды. Мемлекеттік мекеме тарапынан көрсетілетін сервистік қолдаулардың шынайы көрінісі ретінде қабылданды.