2025 жылдың 17 шілдесінде Сайрам ауданы әкімдігінің бастамасымен заңсыз жер қойнауын пайдалану фактілерін анықтау және зерделеу мақсатында құрылған жұмысшы топ, Түркістан облысы әкімдігі бекіткен арнайы алгоритм аясында Қарамұрт ауылдық округі аумағында рейдтік шара өткізді. Тексеру нәтижесінде ауыл шаруашылығына арналған 33 гектар жер телімінде SANY эксковаторы мен Howo Белаз жүк көлігі арқылы рұқсатсыз тас қазу жұмыстары жүргізіліп жатқаны анықталды.
Анықталған заңбұзушылық бейне және фотокамераларға түсіріліп, ресми акт толтырылды. Оқиға бойынша 102 нөміріне жедел хабар беріліп, іс Сайрам ауданы полиция басқармасының арнайы есеп кітабына тіркелді. Қазба жұмысына қатысы бар жүргізушілерден түсініктеме алынып, техникалар – экскаватор мен ауыр жүк көлігі – заңды шешім қабылданғанға дейін айыптұраққа қойылды. Бұл – табиғатты заңсыз пайдалануға жол жоқ екенін тағы бір дәлелдеген іс-шара болды.