ЖІБЕК ЖОЛЫ АУЫЛЫНДА БОКСТАН ОБЛЫСТЫҚ ТУРНИР ӨТУДЕ
Сайрам ауданының Жібек жолы ауылында 2012–2013 және 2014–2015 жылы туылған жасөспірімдер арасында бокстан Құдайбергенов Нұрсұлтан Жұмабаевичті еске алуға арналған облыстық ашық турнир өз жалауын көтерді. «Ақсу жекпе-жек спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен өтетін бұл турнир — тек спорттық жарыс қана емес, марқұм спортшының жарқын бейнесін жас буынның жүрегінде жаңғыртатын, оларды ерлікке, табандылыққа, Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелейтін тағылымды шара.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсімі жоғары деңгейде, үлкен ілтипатпен өтті. Іс-шараға ауыл әкімі Жиенбай Дарған, Сайрам аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі Бауыржан Асқаров, «Ақсу жекпе-жек спорт клубының» басшысы Рашид Лапаев, бокстан әлем чемпионы Біржан Жақыпов, әскерилер арасындағы әлем чемпионы Абзал Құттыбек, сондай-ақ Құдайбергенов Нұрсұлтанның анасы мен жақын туыстары қатысты. Қонақтар жас спортшыларға сәттілік тілеп, турнирдің жоғары деңгейде өтуіне тілектестік білдірді.
Жарысқа облыстың әр аймағынан 200-ге жуық жас былғары қолғап шебері қатысып, өз шеберліктерін сынға салуда. Додалы бәсеке төрт күнге созылып, 20 салмақ дәрежесі бойынша өткізіледі. Бұл турнир – болашақ чемпиондардың қанатын қатайтатын маңызды алаң ғана емес, спорт арқылы бірлік пен рухты дәріптейтін елдік маңызы бар шара.
Сайрам ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі