«ҰЛТТЫҚ ЛИГАДА» ҚОС ЖЕҢІС: «ДАЛАБАЗАР» ҰЛДАРЫ МЕН №96 МЕКТЕП ҚЫЗДАРЫ — РЕСПУБЛИКА ЧЕМПИОНДАРЫ

«ҰЛТТЫҚ ЛИГАДА» ҚОС ЖЕҢІС: «ДАЛАБАЗАР» ҰЛДАРЫ МЕН №96 МЕКТЕП ҚЫЗДАРЫ — РЕСПУБЛИКА ЧЕМПИОНДАРЫ
Өңіріміз үшін қуанышты жаңалық – «Ұлттық мектеп лигасы» аясында өткен республикалық жарыстарда екі бірдей мектептің оқушылары топ жарып, чемпион атанды!
«Далабазар» жалпы білім беретін мектебінің 7-8 сынып оқушыларынан құралған ұлдар командасы баскетболдан оза шауып, Республикалық чемпион атанса, №96 жалпы білім беретін мектептің 7-8 сынып оқушы қыздары волейболдан қарсылас шақ келтірмей, жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл қос жеңіс – білім мен спорттың үйлесімді ұштасқан айқын көрінісі.
Чемпиондарды “Манкент” стансасынан ерекше ықыласпен қарсы алды. Оларды ата-аналары, ұстаздары, достары мен жанкүйерлері гүл шоқтарымен, қуаныш пен мақтанышқа толы көңіл-күймен күтіп алды. Бұл сәт – балалардың ерен еңбегі мен табандылығының, жаттықтырушылар мен мектеп ұжымдарының қолдауының жарқын нәтижесі.
Жас спортшылар тек техникалық шеберліктерімен ғана емес, сондай-ақ командалық рухпен, бірлікпен, жеңіске деген жігерімен үлкен үлгі көрсетті. Екі мектептің де бұл табысы – білім ордаларындағы жүйелі жұмыстың, спортқа деген қамқорлық пен назардың жемісі екені анық.
Чемпиондарды тәрбиелеген ұстаздар мен жаттықтырушыларға, қолдау білдірген ата-аналарға алғыс білдіре отырып, жеңімпаз оқушыларға алдағы уақытта да толағай табыс пен жарқын жеңістер тілейміз!
Сайрам ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі