ЖЕҢІС ЖОЛЫНДА ЖАНКЕШТІ ЕҢБЕК ЕТКЕН ТЫЛ АРДАГЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

ЖЕҢІС ЖОЛЫНДА ЖАНКЕШТІ ЕҢБЕК ЕТКЕН ТЫЛ АРДАГЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

    9 мамыр – халқымыз үшін аса қастерлі әрі тарихи күн. Бұл – бейбіт өмір мен азаттық үшін жан аямай күрескен ардагерлерге тағзым етіп, олардың ерен ерлігі мен өлшеусіз еңбегін еске алатын күн. Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойы еліміз бойынша кең көлемде аталып өтуде. Осыған орай Темір ауылында да тағылымды шаралар ұйымдастырылып, тыл ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетілді.

    Аудан әкімінің орынбасары Сейітқұл Қыдырбай Құнанбайұлы мен Темір ауыл округінің әкімі Ақарыс Жүсіпұлы ардагерлердің шаңырағына арнайы барып, оларды Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен шын жүректен құттықтады. Ел үшін еңбек еткен аға буын өкілдеріне сый-сияпаттар тарту етіліп, «Тыл ардагері» медальдары табыс етілді.

    – Сіздердің ерлікке пара-пар еңбектеріңіз – бүгінгі ұрпақ үшін үлгі. Сұрапыл соғыс жылдарында майдандағы жауынгерлермен қатар, тылда да мыңдаған азаматтар ел үшін аянбай еңбек етті. Сол қажырлы еңбектің арқасында біз бүгін бейбіт күннің, еркін елдің ұрпағы болып отырмыз, – деді Сейітқұл Қыдырбай Құнанбайұлы өз сөзінде.

    Қиын-қыстау шақта елдің еңсесін түсірмей, азық-түлікпен, киім-кешекпен, тұрмыстық қажетпен майданды қамтамасыз еткен тыл еңбеккерлерінің еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Олар – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалаған батырлар.

    Тыл ардагерлері де көрсетілген құрмет пен ілтипатқа ерекше ризашылықтарын білдіріп, жүрекжарды тілектерін арнады. Ардагерлер: «Кейінгі ұрпақ ата-баба аманатына адал болып, бірлігі мен тұтастығы мызғымасын. Елімізде тек тыныштық, аспанымыз ашық болсын» – деп, ел амандығын, жұрт тыныштығын тілеп, ақ баталарын берді.