БЕРЕКЕ МЕН БІРЛІККЕ ТОЛЫ НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ – ТЕМІР АУЫЛЫНДА

БЕРЕКЕ МЕН БІРЛІККЕ ТОЛЫ НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ – ТЕМІР АУЫЛЫНДА

    Көктемнің жаршысы, жаңару мен жасампаздықтың белгісі – Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мейрамы биыл киелі Отырар ауданының 90 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп, Темір ауылында ерекше сән-салтанатпен аталып өтті. Бұл қос мерекенің бір уақытта тойлануы ауыл тұрғындары үшін тарихи сәтке айналып, мерекелік шараның мәні мен маңызын арттыра түсті.

    Салтанатты жиынның шымылдығын Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов ашып, жиналған қауымды Наурыз мейрамымен құттықтады. Ол өз сөзінде бұл мейрамның халқымыздың дәстүрі мен мәдениетін дәріптеудегі, ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңірудегі маңыздылығын атап өтіп, тұрғындарға молшылық пен береке тіледі.

    Одан кейін сөз кезегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Төрехан Амантай Төреханұлына берілді. Ақсақал Наурыздың қазақ халқы үшін ғасырлар бойы татулық пен жасампаздықтың бастауы болып келгенін, бұл күннің жақсылық пен жаңа үміт сыйлайтынын айрықша атап өтті.

    Ауыл әкімі Ақарыс Жүсіпұлы да тұрғындарды шуақты көктем мерекесімен құттықтай отырып, осы игі шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған, мерекеге ерекше дайындалып, киіз үйлер тігіп, ұлттық дастархан жайған мектеп бітіргендеріне 10 жыл толған түлектерге, сондай-ақ қолдау көрсеткен ауыл мекемелеріне шынайы ризашылығын білдірді.

    Мейрамның ажары ауылдың қадірлі қариясы Бекмиш Төлепбергеновтің ақ батасымен еселенді. Қария жиналған жұртқа ақ тілек айтып, елдің тыныштығы мен берекесін тілеп, ұрпаққа өнегелі сөз арнады.

    Наурыз мейрамының сәнін келтірген ұлттық дәстүрімізге сай тігілген киіз үйлер ауыл тұрғындары мен қонақтарға ерекше қуаныш сыйлады. Темір жалпы білім беретін мектебі, С.Әлиев атындағы шағын жинақты жалпы білім беретін мектебі, Ертөстік бөбекжай-бақшасы, Алпамыс бөбекжай-бақшасы және мектеп түлектері ұйымшылдықпен ақ дастархан жайып, қонақтарға наурыз көже, бауырсақ, қымыз және басқа да ұлттық тағамдардан дәм татқызды.

    Мерекелік іс-шара қазақтың төл өнерімен жалғасын тапты. Әншілер әуелете ән салып, күйшілер күмбірлетіп күй төкті, мың бұралған бишілер өз өнерлерімен көпшілікті тәнті етті. Сондай-ақ, түрлі ұлттық ойындар ұйымдастырылып, жас пен кәрі думанды шараның көркін қыздырды.

    Наурыз мерекесінің шырайын аша түсу мақсатында қазақтың ұлттық дәстүрлеріне арналған көріністер қойылып, ата-бабадан қалған асыл мұралар насихатталды. Бесікке салу, тұсау кесу сынды салт-дәстүрлер көрсетіліп, олардың тәрбиелік мәні кеңінен түсіндірілді. Бұл қойылымдар жастарға тағылымды тәрбие беріп, мерекенің мазмұнын тереңдете түсті.

    Бұл күні ауыл тұрғындары ерекше қуанышқа бөленіп, мерекені жоғары деңгейде атап өтті. Қонақтар мен тұрғындардың жүзіне күлкі үйіріліп, бір-біріне ізгі тілектерін арнады.

    ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН! ЕЛ АМАН, ЖҰРТ ТЫНЫШ, ЫРЫС-БЕРЕКЕ МОЛ БОЛҒАЙ!