
Отырар ауданына арнайы жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов аудан аумағындағы бірқатар су шаруашылығы нысандарын аралап, ағын сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Жұмыс сапары барысында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы су тапшылығының алдын алу, суару маусымын тұрақты өткізу және шаруашылықтарды ағын сумен қамтамасыз ету бағытында қолға алынған нақты жұмыстарды баяндады.
Солардың бірі – «Қызыл Ту» насос станциясы. Бұған дейін станциядағы тозығы жеткен қондырғыларға бірнеше рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, қолданыстағы насос жабдықтары шаруалардың сұранысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік бермей келген.
Аталған мәселе аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының бастамасымен «Қазсушар» РМК басшылығы мен ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің назарына жеткізіліп, станцияны жаңғырту және жаңа насос қондырғыларын орнату жөнінде ұсыныс берілген болатын.
Нәтижесінде, ағымдағы жылы Отырар ауданына «Қазсушар» РМК тарапынан 6 дана, облыс әкімдігі тарапынан 8 дана жаңа 2Д-2000-21 насос қондырғысы алынды. Оның 3 данасы «Қызыл Ту» насос станциясына орнатылды. Жаңа жабдықтардың іске қосылуы су беру мүмкіндігін арттыруға жол ашты.
Бүгінде станция арқылы «Д.Алтынбеков» каналына қосымша 2,5 текше метр/секунд ағын су босатылып, су Қоғам және Қарғалы ауылдық округтеріндегі агроқұрылымдарға белгіленген кезектілікпен берілуде.
Жаңа насос қондырғыларының үздіксіз әрі тиімді жұмыс істеуі шаруалардың суға деген қажеттілігін өтеуге, суару жұмыстарын уақытылы жүргізуге және биылғы суару маусымын тұрақты өткізуге мүмкіндік беруде.
Жұмыс сапары барысында министр Нұржан Нұржігітов «Д.Алтынбеков» каналының аяқ жақ бөлігіндегі жөндеу жұмыстарының барысымен де танысты.
Қазіргі таңда каналдың ұзындығы 10,7 шақырым болатын учаскесін бетонмен қаптау және күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жоба «Қазводхоз» РМК филиалының тапсырысы аясында жүзеге асырылып, жалпы құны 2,7 млрд теңгені құрайды.
Бүгінде каналдың 5,5 шақырым бөлігі толықтай топырақпен көтеріліп, нығыздалған. Сонымен қатар 4,5 шақырым бөлігі қайта қазылып, оның 1,4 шақырымында бетонмен қаптау жұмыстары жүргізілуде.
Нысанда жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде орындау үшін 15 арнайы техника жұмылдырылып, 62 адам еңбек етуде. Оның ішінде 20 адам жергілікті тұрғындар қатарынан тұрақты жұмыспен қамтылған.
Аралау барысында министр Нұржан Нұржігітов жауапты сала мамандарымен каналдағы жөндеу және бетондау жұмыстарының сапасы, атқарылу қарқыны мен белгіленген мерзімдердің сақталуы жөнінде пікір алмасты.
Өз кезегінде аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы Отырар ауданындағы су шаруашылығы саласында қордаланған мәселелерді шешуге қолдау көрсетіп, нақты шаралардың жүзеге асуына ықпал еткен ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке аудан халқының атынан ризашылығын білдірді.