ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВТІҢ 95 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ КІШІ ФУТБОЛДАН ТУРНИР ӨТТІ

ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВТІҢ 95 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ КІШІ ФУТБОЛДАН ТУРНИР ӨТТІ

Отырар ауданында мемлекет және қоғам қайраткері, ұлттық мәдениет пен руханияттың көрнекті өкілі Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 95 жыл толуына орай кіші футболдан аудандық турнир ұйымдастырылды.

Спорттық шараның негізгі мақсаты – жастар арасында бұқаралық спортты кеңінен насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырумен қатар, көрнекті тұлғаның өнегелі өмірі мен ел тарихындағы еңбегін кейінгі ұрпаққа насихаттау.

Ө.Жәнібеков атындағы №4 лицей-интернаты түлектерінің ұйымдастыруымен өткен дүбірлі додаға ауданның әр елді мекенінен 16 команда қатысып, өзара бақ сынады. Жалпы жүлде қоры 1 миллион теңгені құраған жарыста командалар жеңіске деген жігерін танытып, тартысты ойын өрнегін көрсетті.

Турнирдің ашылу салтанатында аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Жамалханұлы сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы спортшыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, ол осындай тағылымды әрі ауқымды спорттық шараны ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.

Жарыс барысында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сағынтай Құттыбай, «Әділет» партиясы Отырар аудандық филиалының төрағасы Ұ.Абдрахимов сөз сөйлеп, командаларға сәттілік тілеп, спортшыларды белсенділік танытуға шақырды.

Тартысты өткен бәсекеде командалар спорттық шеберліктерін байқатып, жеңіс жолында бар күш-жігерін салды.

Өзбекәлі Жәнібеков – ұлттық мәдениетіміз бен тарихи-рухани мұрамызды жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері. Ол халқымыздың тарихи-мәдени құндылықтарын сақтау мен насихаттауға, ұлттық өнер мен руханияттың дамуына айрықша еңбек сіңірді.

Сондықтан көрнекті тұлғаның 95 жылдығына арналған мұндай шаралардың өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор. Спортты тарих пен тағылымды сабақтастыра отырып өткізу – жастардың бойында елге деген сүйіспеншілікті, отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді.

Кіші футболдан өткен бұл турнир қатысушылар үшін тартысты бәсеке ғана емес, өзара достық пен ынтымақтастықты нығайтып, жастарды салауатты өмір салтына үндеген тағылымды шара болды.