
Отырар аудандық мәдениет сарайында мәдениет саласының өкілдері мен спорт мектептерінің жаттықтырушыларының қатысуымен ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
Кездесуге Түркістан облысы дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директоры Медет Халықов, орталықтың теолог маманы Нұрлыхан Әмзеев және ауданның тиісті сала өкілдері арнайы қатысты. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов ашып, жүргізіп отырды.
Жиын барысында қоғамдағы діни ахуал, зайырлы мемлекет қағидаттары және рухани қауіпсіздікті қамтамасыз етілу бағыттары кеңінен талқыланды.
Кездесуде Түркістан облысы дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарына тоқталып, мемлекеттің діни ахуалды реттеудегі, діни бірлестіктердің қызметін заңнама талаптарына сәйкес үйлестірудегі және азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз етудегі маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі рухани-мәдени құндылықтарын сақтау, оларды дәріптеу арқылы ұлттық бірегейлікті нығайту басты міндет екенін жеткізді.
Мұнан соң жиынға арнайы келген «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің директоры Медет Мұзапбарұлы және аталмыш орталықтың теолог маманы Нұрлыхан Жұмаханұлы баяндама жасап, дін саласына қатысты өзекті мағлұматтармен бөлісті.
Кездесу еркін форматта сұрақ-жауап түрінде жалғасып, қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, мамандардан тұщымды жауаптар алды. Іс-шара соңында аудан әкімінің орынбасары келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, қоғамдық тұрақтылық пен келісімді сақтау жолындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.