
Отырар ауданына деген туристердің қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді. Биылғы жылдың бүгінгі күніне дейін қасиетті Отырар өңіріне 185 870 турист келіп, ауданның тарихи-мәдени және рухани мұраларымен танысты.
Тамыры терең тарихымен танылған Отырар – ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің туған жері, өркениеттің алтын бесігі. Бұл киелі өлкеге келушілер ең алдымен Арыстанбаб кесенесіне, Отырар қалажұртына, музей-қорық нысандарына және басқа да тарихи-мәдени ескерткіштерге арнайы ат басын бұрады.
Соңғы жылдары ауданның туристік әлеуетін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Тарихи нысандардың инфрақұрылымы жаңартылып, келушілерге қолайлы жағдайлар жасалуда. Бұл жұмыстардың нәтижесінде Отырарға келетін отандық және шетелдік туристер саны тұрақты өсіп келеді.
Туризмнің дамуы аудан экономикасына оң әсерін тигізіп, қызмет көрсету саласының жандануына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жергілікті кәсіпкерліктің дамуына серпін беруде.
Қасиетті Отырар – өткен мен бүгінді жалғаған, тарихы тағылымға, мәдениеті мұраға толы мекен. Баршаңызды ұлы өркениеттің бесігі саналатын Отырарға келіп, оның бай тарихи-мәдени мұрасымен танысуға шақырамыз!