«САЛҚЫН САМАЛ» ЖАЗҒЫ СЕРГІТУ АКЦИЯСЫ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

«САЛҚЫН САМАЛ» ЖАЗҒЫ СЕРГІТУ АКЦИЯСЫ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Жаз мезгіліндегі аптап ыстықтың тұрғындарға тигізетін әсерін азайту, балалардың жазғы демалысын мазмұнды ұйымдастыру мақсатында Темір ауылының орталық алаңында «Салқын самал» атты жазғы сергіту акциясы ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында «Отырар ауданының төтенше жағдайлар бөлімі» РММ-нің арнайы өрт сөндіру автокөлігі арқылы тұрғындарға су шашылып, ауыл тұрғындарына ерекше сергектік пен көтеріңкі көңіл-күй сыйланды. Су шашу акциясына балалармен қатар жастар мен ересектер де белсенді қатысып, жаздың аптап ыстығында ерекше әсерге бөленді.

Шараның ең әсерлі сәттерінің бірі – бүлдіршіндерге балмұздақ таратылуы болды. Балалардың қуанышына ортақ болған ұйымдастырушылар кішкентай қатысушыларға тәтті балмұздақ ұсынып, олардың мерекелік көңіл-күйін еселей түсті.

Іс-шара «Темір ауыл округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің бастамасымен аудандық мәслихат депутаты Ардақ Әмзеевтің, «Отырар ауданының төтенше жағдайлар бөлімі» РММ-нің және «Отырар-2050» КММ-нің қолдауымен ұйымдастырылды.

Осындай тағылымды әрі көпшілікке пайдалы бастамалар ауыл тұрғындарының бірлігін нығайтып, өскелең ұрпақтың жарқын әрі қауіпсіз балалық шағын қамтамасыз етуге өз үлесін қоса береді. Темір ауыл округінде халықтың игілігіне бағытталған әлеуметтік және мәдени-көпшілік іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табатын болады.