
Бүгін Отырар ауданында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесіне арналған салтанатты гүл қою рәсімі өтті. Іс-шара Арыс жағалауындағы Кеңес Одағының батырлары Темірбек Ибрагимов пен Сейітқасым Әшіровтің ескерткіші алдында ұйымдастырылды.
Мерекелік шараға Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Жамалханұлы, сондай-ақ еңбек және тыл ардагері Мырзахмет Темірбеков, аудан ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жиын барысында қатысушылар Отан үшін от кешкен батырларды бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Іс-шарада сөз сөйлеген еңбек және тыл ардагері Темірбеков Мырзахмет Темірбекұлы жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Нұрғали Серғалиев патриоттық рухтағы өлеңін оқып, жиналған көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Шара соңында ұйымдастырушылар қатысушыларды «Жеңіс» саябағында жалғасатын мерекелік іс-шараға шақырды.
Отан қорғаушылар күні – ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін азаматтарға көрсетілетін құрметтің айғағы. Бұл күн – батырлық пен ерліктің, елге деген адалдықтың символы болып қала береді.