АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІ БАСТЫҒЫНЫҢ ЕСЕБІ ТЫҢДАЛДЫ

АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІ БАСТЫҒЫНЫҢ ЕСЕБІ ТЫҢДАЛДЫ

Отырар ауданында аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Берік Нышанбаевтың 2025 жылдың 12 айында атқарылған жұмыстар бойынша халық алдындағы есеп беру жиыны өтті. Есептік кездесу құқық қорғау саласындағы ашықтықты қамтамасыз ету, тұрғындармен кері байланысты нығайту және қоғамдық қауіпсіздік бағытында атқарылған жұмыстарды саралау мақсатында ұйымдастырылды.

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов, Отырар ауданы прокурорының орынбасары Серік Ізтілеуов, «AMANAT» партиясы Отырар аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркеғали Таңатаров, аудандық ардагерлер және қоғамдық кеңестердің төрағалары, ауыл әкімдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бөлім басшылары, жеке құрам және аудан тұрғындары қатысты.

Жиынды аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханұлы ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, полиция қызметінің тиімділігі тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін жеткізді.

Күн тәртібіне сәйкес, аудандық полиция бөлімінің бастығы Берік Нышанбаев 2025 жылдың қорытындысы бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, есепті кезеңде аудандағы криминогендік ахуал тұрақты бақылауда болып, құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілген.

Полиция бөлімі бастығының мәліметіне сәйкес, 2025 жылы Отырар ауданында тіркелген қылмыстық құқықбұзушылықтар саны 63-тен 59-ға дейін төмендеп, 6,3 пайызға азайған. Аса ауыр қылмыстар тіркелмеген. Орташа ауырлықтағы қылмыстар 24-тен 23 дерекке дейін төмендеген. Профилактикалық шаралардың нәтижесінде қарумен жасалған қылмыстар мен жасөспірімдер жасаған құқықбұзушылықтар мүлде орын алмаған.

Сонымен қатар қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 9-дан 8-ге, ал көшелерде тіркелген қылмыстар 6-дан 5-ке азайған. Бұл көрсеткіштер профилактикалық жұмыстардың, рейдтік іс-шаралардың және тұрғындармен тығыз байланыста жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесін көрсетеді.

Қазіргі таңда қоғамда өзекті мәселелердің бірі – алаяқтық, әсіресе интернет алаяқтық қылмыстары. Бұл бағытта атқарылған кешенді профилактикалық шаралардың нәтижесінде алаяқтық деректері 24-тен 10-ға дейін төмендеп, 58,3 пайызға азайған. Оның ішінде интернет алаяқтық 9 деректен 6 дерекке қысқарған. Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатыны атап өтілді.

Құқықтық тәртіпті сақтау және құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында бөлім бастығының нұсқауымен аудан орталығында және елді мекендерде тұрақты түрде «Құқықтық тәртіп», «Қауіпсіз аудан» профилактикалық рейдтік іс-шаралары ұйымдастырылып келеді. Аталған шаралар барысында қоғамдық тәртіпті бұзу, жол қозғалысы ережелерін сақтамау, тұрмыстық құқықбұзушылықтар және өзге де заңсыз әрекеттердің алдын алу жұмыстары жүргізілген.

Жиын барысында тұрғындар тарапынан бірқатар маңызды мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, ардагерлер Жалғасбай Көлбай, Жұмахан Әбдіқадіров, ардагер ұстаз Мәрия Белгібаевалар мал ұрлығы, алаяқтық қылмыстары, шетелден әкелінген автокөліктерге қатысты шектеулер, жол қауіпсіздігі және жол қозғалысы ережелерін сақтау мәселелері сөз болды. Қойылған сұрақтарға тиісті сала мамандары тарапынан нақты әрі жан-жақты жауаптар берілді.

Кездесу соңында аудандық полиция бөлімінің бастығы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтардың алдын алу және қылмыстарды дер кезінде ашу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.

Есептік жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханұлы алдағы уақытта құқық қорғау органдарының жедел-қызметтік жұмыстары күшейтіліп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шаралар одан әрі жалғасатынын атап өтті. Сонымен қатар, қоғам мен полиция арасындағы өзара сенім мен серіктестікті нығайту маңызды екеніне тоқталды.