ТЕМІРЖОЛ БОЙЫНДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК – БАРШАМЫЗҒА ОРТАҚ МІНДЕТ

ТЕМІРЖОЛ БОЙЫНДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК – БАРШАМЫЗҒА ОРТАҚ МІНДЕТ

Темір ауыл округі әкімінің аппараты жанында теміржол объектілеріндегі құқық бұзушылықтардың профилактикасы және тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу бойынша жиын өтті. Жиынға Түркістан стансасы желілік полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Д.Орынбаев, Темір ауыл округінің әкімі А.Жүсіпұлы, Қарғалы ауыл округінің әкімі Е.Жұмабек, Қарақоңыр ауыл округі әкімдігі аппаратының бас маманы Б.Карбоз, сондай-ақ аудандық бөлімдердің өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Жиынды ашқан Темір ауыл округінің әкімі А.Жүсіпұлы ауылдық округтерде теміржол бойындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету – аса өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті. Ол теміржол көлігінің қозғалыс қауіпсіздігі мен тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғау бағытында түсіндірме жұмыстарын жүйелі жүргізудің маңыздылығына тоқталды.

Өз кезегінде сөз алған Түркістан стансасы желілік полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Д.Орынбаев теміржол объектілерінде құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, 2025 жылы белгіленбеген жерлерден өту фактілері бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 559-бабы 5-бөлігімен 2000 әкімшілік хаттама толтырылып, бірнеше азаматтарға айыппұл салынған. Сондай-ақ теміржолдың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін 24 әкімшілік хаттама, ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзғаны үшін 9 хаттама рәсімделген. Сонымен қатар, қозғалыс қауіпсіздігі талаптарын бұзған жағдайлар салдарынан 28 төтенше тежеу оқиғасы тіркелген.

Полиция өкілі ауыл тұрғындарын теміржол бойына малдың шығуын болдырмау, белгіленбеген өткелдерден өтуге жол бермеу, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларына жауапкершілікпен қарауға шақырды. Сондай-ақ, 2025 жылғы 10 шілдеден бастап теміржолдың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін ескерту берілмей, бірден айыппұл салынатыны туралы да ескертті.

Жиын барысында ауыл округтері өкілдері де өзекті мәселелерді көтеріп, нақты ұсыныстарын білдірді. Қарақоңыр ауыл округінің бас маманы Б.Карбоз Қостүйін елді мекенінде, ал Қарғалы ауыл округінің әкімі Е.Жұмабек Ақшоқат елді мекенінде малдардың теміржол бойына кіріп кету жағдайлары жиі тіркеліп жатқанын айтып, қауіпті аймақтарға арнайы жауапты қызметкерлерді бекіту қажеттігін ұсынды.

Қорытынды сөзінде Темір ауыл округінің әкімі А.Жүсіпұлы теміржол бойындағы қауіпсіздік мәселесі тек полиция қызметінің ғана емес, жергілікті атқарушы органдардың, ветеринариялық қызметтің және ең бастысы – ауыл тұрғындарының ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.

Темір ауыл округі әкімдігі ауыл тұрғындарын теміржол маңындағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға, мал жаю қағидаларын бұзбауға және белгіленбеген өткелдерден өтуге жол бермеуге шақырады. Бұл – тек айыппұл мәселесі ғана емес, ең алдымен адам өмірі мен қауіпсіздігін сақтау міндеті екенін ұмытпайық.