
Түркістан қаласында әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен кезекті лездемелік мәжілісте айтылды. Жиында 2026 жылдың қаңтар–тамыз айларындағы негізгі индикаторлардың орындалу барысы сараланды.
Жиында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының тапсырмаларына сәйкес, жыл басынан бергі 8 айдың қорытындысы қаралып, экономикалық және әлеуметтік салалардағы негізгі көрсеткіштердің орындалу барысы талқыланды.
Экономика саласында өнеркәсіп өнімінің көлемі 36,7 млрд теңгеге, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 22 млрд теңгеге жеткен. Сондай-ақ бөлшек сауда көлемі 103,8 млрд теңгені құрады. Ал құрылыс саласында 277,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Инвестиция тарту бағытында негізгі капиталға 217,8 млрд теңге инвестиция тартылды. Бекзат шағын ауданындағы өндірістік парк аумағында 5 өндірістік ғимараттың құрылысы аяқталды. Сонымен қатар жалпы құны 11,8 млрд теңге болатын 4 инвестициялық жобаны орналастыру бойынша келісімшарттар жасалды. Жобалар толық іске асқан кезде 580 жаңа жұмыс орны ашылады.
Туризм саласында да оң динамика байқалды. Жалпы 8 айда салаға тартылған инвестиция көлемі 39 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 56 пайызға артты. Ал қаңтар–маусым айларында туризм саласындағы көрсетілген қызметтер көлемі 3,1 млрд теңгеге жетіп, өсім 55 пайызды құрады.
Әлеуметтік салада 8 ай ішінде 1 700 жаңа жұмыс орны ашылды. Субсидияланатын жұмыс орындары бойынша жоспарланған 720 адамның орнына 1 720 адам жұмыспен қамтылды. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетті.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі