ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА» ҚОРЫНЫҢ ҚОЛДАУЫМЕН 25 ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛҒАН

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА» ҚОРЫНЫҢ ҚОЛДАУЫМЕН 25 ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛҒАН

Түркістан облысында 2022 жылдан бері «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен әлеуметтік маңызы бар 25 жоба жүзеге асырылған. Оларға 20 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Аталған жобалардың нәтижесі Түркістан облысында ұйымдастырылған арнайы пресс-тур барысында таныстырылды.

Баспасөз туры Сауран ауданына қарасты Ә.Сығай атындағы жалпы білім беретін мектепте басталды. Қазіргі таңда білім ордасында 595 оқушы білім алып, 123 педагог қызмет атқарады. 2024 жылдың қаңтар айынан бастап мектептің материалдық-техникалық базасы «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен жаңартылған. Жоба аясында заманауи STEM зертханасы, мектеп телестудиясы, оқу шеберханалары және 34 пәндік кабинет жабдықталған. Сонымен қатар, мұғалімдердің барлығы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің ұстаздарымен тәжірибе алмасып, біліктілігін арттыру курстарынан өткен.

Пресс-тур барысында БАҚ өкілдері Түркістан қаласындағы «Қамқорлық» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында болды. Орталық бір мезетте 3 жастан 18 жасқа дейінгі 125 балаға қызмет көрсетеді. Онда балаларға әлеуметтік-медициналық, психологиялық, педагогикалық және басқа да 8 бағыт бойынша қызмет көрсетіледі. Қазіргі таңда 100 бала бейімдеу курсында білім алуда.

Қордың қолдауымен 21 спорт мектебінің материалдық-техникалық базасы жаңартылған. Спорт инфрақұрылымы жеткіліксіз ауылдық елді мекендерде ангар үлгісіндегі 2 спорт залы салынған. Солардың бірі – Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылындағы балалар спорт залы. Баспасөз туры соңында журналистер аталған нысанға барып, ауыл балалары мен жастардың футбол, волейбол, баскетбол және басқа да спорт түрлерімен айналысуы үшін атқарылған жұмыстармен танысты. Жаңа спорт залы ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне және бұқаралық спортты дамытуға мүмкіндік беріп отыр.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі