
– Бүгін біз Отырардың ақ даласында жиналып, ақ алтын өсірген азаматтардың еңбегіне құрмет көрсетіп отырмыз. Бұл мерекенің басты кейіпкерлері – дән өсіретін диқандар, өнім жинайтын механизаторлар, су жеткізетін мамандар мен мақтаны өңдейтін еңбеккерлер. Түркістан облысы үшін мақта – негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының бірі. Оны өсіру, жинау және өңдеу мыңдаған тұрғынның еңбегімен байланысты. Сондықтан ақ алтынның қадірі, ең алдымен, оны өсірген адамның еңбегімен өлшенеді. Биыл облыста мақта 173,6 мың гектарға егілді. Қазір алқаптарда жиын-терім жұмыстары жүргізілуде. Маусым қорытындысымен 556 мың тонна мақта жинау көзделуде (32 ц/га). Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауыл шаруашылығында озық технологияларды кеңінен енгізіп, су үнемдеуге батыл көшу жөнінде нақты тапсырма берді. Су тапшылығы сезілетін біздің өңір үшін бұл – күнделікті жұмыстың басты бағыты. Бүгінде мақта алқабының 91 мың гектарында су үнемдеу технологиялары қолданылуда. Жекелеген алқаптарда гектарына 60 центнерге дейін өнім алынуы суды ұқыпты пайдалану мен жаңа тәсілдердің нәтижесін көрсетеді. Біздің мақсатымыз – мақтаны өсірумен шектелмей, одан түсетін табыстың көбірек бөлігін өз өңірімізде қалыптастыру. Осы бағытта мақта өсіруден бастап өңдеу, жіп иіру және дайын тоқыма өнімін шығаруға дейінгі толық тізбекті қамтитын елімізде теңдесі жоқ кластер қалыптасып келеді. Бүгін сіздер осы кластерлік жобалардың алғашқысы – «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС-ның жобасымен танысып отырсыздар. Біз Түркістан мақтасын шикізат күйінде ғана өткізбей, оны терең өңдеп, дайын өнімге айналдыратын заманауи өндіріс жүйесін қалыптастыруды көздейміз. Жалпы аграрлық салаға шетелдік инвесторларды тартып, олардың озық технологиялары мен өндірістік тәжірибесін өңірімізге әкеліп жатырмыз. Ендігі міндет – осы тәжірибені өзіміз толық меңгеру. Инвестицияның нәтижесін біз тұрақты жұмыс орындарынан ғана емес, өзімізде қалыптасқан білікті кадрлар мен бәсекеге қабілетті дайын өнімнен де көретеміз. Сіздердің жетістіктеріңіз – бір күннің емес, жылдар бойғы адал еңбектің нәтижесі. Ақ алтынды өсіріп, туған жердің берекесін арттырып жүрген баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін. Егін бітік шығып, әр маусым қуаныш пен молшылық әкелсін! – деді Нұралхан Оралбайұлы.