«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Сырдария өзенінің жағалауында «Таза су айдындары» акциясы ұйымдастырылып, су ресурстарын қорғауға бағытталған ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – еліміздің стратегиялық маңызы бар су ресурстарын сақтау, өзен-көлдердің экологиялық жағдайын жақсарту, су айдындарының ластануына жол бермеу және тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру. Су – тіршілік көзі ғана емес, ауыл шаруашылығының, экономиканың және халықтың әл-ауқатының негізі. Сондықтан су көздерін қорғау – барша қоғамның ортақ міндеті.
Акция барысында Сырдария өзенінің жағалауы тұрмыстық және басқа да қалдықтардан тазартылып, санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар қатысушыларға су айдындарын ластамаудың маңыздылығы, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Тазалық жұмыстарына мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жастар, еріктілер және ауыл тұрғындары белсенді қатысып, туған өлкенің табиғи байлығын сақтауға өз үлестерін қосты. Мұндай игі бастамалар қоршаған ортаны қорғауға ғана емес, халықтың су ресурстарына деген жауапкершілігін арттыруға және табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Бүгінде елімізде су ресурстарын тиімді басқару, өзен-көлдерді қорғау және су инфрақұрылымын дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Осы мақсатта өткізілетін экологиялық акциялар су көздерінің тазалығын сақтауға, қоршаған ортаның экологиялық тепе-теңдігін қамтамасыз етуге және келер ұрпаққа табиғи байлықтарды аманат етуге бағытталған.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы мұндай экологиялық бастамалар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады. Әрбір азаматтың табиғатты қорғауға, су айдындарын таза ұстауға және су ресурстарын ұқыпты пайдалануға қосқан үлесі – еліміздің экологиялық қауіпсіздігі мен тұрақты дамуына қосылған маңызды үлес.
Ақпарат https://oninfo.kz сайтынан алынды
https://oninfo.kz/wp-content/uploads/2026/08/732908449_2744616309256758_3003364694093118076_n.jpg