Отырар ауданында балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға бағытталған жазғы сауықтыру лагерінің ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты шараға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов қатысып, лагерьдің тыныс-тіршілігімен танысты. Қонақтар балаларға жасалған жағдайларды көріп, қауіпсіз әрі мазмұнды демалыс ұйымдастыру бағытындағы жұмыстарға оң бағасын берді.
Жазғы демалыс маусымының басталуымен бүлдіршіндерді құттықтаған аудан басшылығы оларға көтеріңкі көңіл-күй, жаңа достар, жарқын әсерлер мен ұмытылмас сәттер тіледі.
Лагерьде балалардың бос уақытын тиімді өткізуге барлық мүмкіндік қарастырылған. Спорттық жарыстар, мәдени-танымдық шаралар, шығармашылық және зияткерлік бағдарламалар арқылы оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасалмақ.
Айта кетейік, биылғы жазғы маусымда сауықтыру лагерінде ауданның 1000-ға жуық баласы демалып, түрлі сауықтыру және тәрбиелік шаралармен қамтылады.
Балалардың шат күлкісі мен қуанышқа толы жүздері – жазғы демалыс маусымының сәтті басталғанының жарқын көрінісі.