"ШӘМІЛ-ДҮР" САЯБАҒЫ ТАЗАРТЫЛДЫ

"ШӘМІЛ-ДҮР" САЯБАҒЫ ТАЗАРТЫЛДЫ
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында ел аумағында ауқымды экологиялық және санитарлық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Аталған бастама қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің тазалығын сақтау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған.
Осы орайда, Шәуілдір ауылындағы Шәмілдүр саябағында кең көлемді тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Атап айтқанда, саябақ аумағында ағаш отырғызу жұмыстары жүргізіліп, жас көшеттер отырғызу арқылы жасыл желекті көбейтуге ерекше көңіл бөлінді. Сонымен қатар, ағаштарды әктеу, арам шөптерді шабу, қоқыстарды жинау және аумақты ретке келтіру жұмыстары толық қамтылды.
Іс-шараға ауыл тұрғындары, мекеме қызметкерлері және еріктілер белсенді қатысып, туған жердің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты. Мұндай игі бастамалар тұрғындар арасында экологиялық жауапкершілікті арттырып қана қоймай, бірлік пен ынтымақтастықтың нығаюына да оң әсерін тигізеді.
Таза орта – дені сау қоғамның кепілі. Сондықтан әрбір азамат өз ауласы мен ауылын таза ұстауға атсалысып, табиғатты аялауды өмір салтына айналдыруы маңызды. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.