
Сауран ауданында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында жаңа өндіріс орны ашылды. Кәсіпкер Омаров Обиджон бастамасымен іске қосылған «Амина» кондитерлік цехы бүгінде түрлі тәтті өнімдер өндіруді қолға алды.
Кондитерлік цехта рагалик, түрік пахлавасы, сухарик, круассан, бисквит және түрлі тоқаш өнімдері дайындалады. Олардың ішінде рагалик, бисквит пен сухарикке сұраныс жоғары.
Кәсіпорын тәулігіне 600 қорапқа дейін, шамамен 1 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Қазіргі таңда мұнда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
«Амина» кондитерлік цехының өнімдері Алматы, Шымкент, Жетісай, Түркістан, Астана және Жезқазған қалаларына жөнелтіледі. Бұл өндіріс орнының өнімдері өңірлік нарықпен қатар, еліміздің өзге қалаларында да сұранысқа ие екенін көрсетеді.
Кәсіпорынның басты ерекшелігі франшиза арқылы Өзбекстаннан алынған арнайы технологияны пайдалануында. Соның нәтижесінде дайындалатын бисквит өнімдері тоңазытқышта сақтауды қажет етпей, 30 күнге дейін сапасы мен дәмін жоғалтпайды. Мұндай өнім түрі кәсіпорында ерекше технология бойынша әзірленеді.