Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы

Республика бойынша бірінші орындамыз!

Биылғы қаңтар-мамыр айлары аралығында Түркістан облысы экономикасының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика сақталды. Есепті кезеңде қысқа мерзімді экономикалық өсім 123,3 пайызды құрап, Түркістан облысы республика бойынша бірінші орынды иеленді. Қаңтар-мамыр айларында негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің барлығы орындалып, жоспарлы межелерге қол жеткізілді. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен әлеуметтік-экономикалық даму және бюджеттің атқарылуы бойынша өткен жиналыста айтылды.

Облыс әкімінің орынбасары жауапты тұлғаларға жоспарлы көрсеткіштерді толық орындау бойынша міндеттер жүктеді.

– Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен бюджет жоспарының сапалы орындалуын қамтамасыз етуді, белгіленген межелерге қол жеткізу бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырамын, – деген Қанат Қайыпбек тапсырмалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстайтынын айтты.

Жиында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Күмісбек Жаппар биылғы 5 айдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша баяндама жасады. Оның мәлімдеуінше, жалпы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты бақылауда тұр. Жоспарды орындау мақсатында ай сайынғы талдау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар салалар бойынша маусым айына бекітілген көрсеткіштер жоспары толық орындалады деп күтілуде.

Есепті кезеңде өнеркәсіп өнімінің көлемі 722,4 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 131,9%-ды құрады. Өңдеу өнеркәсібінде 346,8 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 149,7% деңгейінде қалыптасты. Бұл жоспарланған көрсеткіштен (107,7%) едәуір жоғары. Тау-кен өндіру саласында 312,7 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 119,0%-ға жетті. Ауыл шаруашылығы саласында 259,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім қарқыны 110,7%-ды құрады.

Жыл басынан бері негізгі капиталға 614,2 млрд. теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 150,5%-дық өсім қамтамасыз етілді. Сауда көлемі 356,3 млрд. теңгені құрап, өсім 119,7%-ға жетті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 134,2 млрд. теңгені құрап, өсім 108,3%-ды көрсетті. Сонымен қатар 353,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 115,6%-дық өсімге қол жеткізілді. Көлік және қоймалау қызметтерінің көлемі 129,3 млрд. теңгеге жетіп, өсім 116,5%-ды құрады. Байланыс қызметтерінің көлемі 5,3 млрд. теңгені құрап, жоспар 108,9% болып орындалды. Жалпы салалар бойынша көрсеткіштер артығымен орындалды.

Сонымен қатар жиын барысында осы жылдың 1 маусымдағы жағдайға бюджеттің атқарылуы туралы қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Гульфари Ажиметованың баяндамасы тыңдалды. Оның баяндауынша, өзіндік кірістердің нақты түсімі 135,7 млрд. теңгені құрап, жоспар 6,4 млрд. теңгеге артығымен орындалды. Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өзіндік кірістердің түсімі 21,5 млрд. теңгеге жетті.