Ресей Федерациясы, Дағыстан Республикасының Хасавюрт қаласында еркін күрестен жасөспірімдер арасында халықаралық турнир мәресіне жетті. Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен Түркістан облысының спортшылары үздік нәтиже көрсетті. Жас балуандар 2 алтын, 2 күміс пен 1 қоланы қоржынға салып, ел мерейін үстем етті.
Атап айтар болсақ, 45 келіде сынға түскен Бақдәулет Ағабек пен 71 келіде қарсылас шақ келтірмеген Бақдәулет Серікбай қос алтынды иемденді. Ал, 76 келіде бозкілемде белдескен Заңғар Қалдыбек пен 92 келіде күрескен Нұрислам Айтуған күміс медальдарды мойындарында жарқыратты. Жалғыз қоланы 80 келіде сынға түскен Балғын Бақыт еншіледі.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі