ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ - ЗАМАН ТАЛАБЫ
Бүгін Отырар ауданында «Қаржылық алаяқтықтың алдын-алу және қаржылық қауіпсіздік негіздері» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру семинары болып өтті. Түркістан облысы білім басқармасының, Д.Құрманбек атындағы №20 колледжінде өткен семинарға Түркістан облысы экономикалық тергеу-тексеру департаментінің офицері Сабыр Аманбай Ерманұлы, Отырар ауданы білім бөлімінің басшысы Шербаев Құдайберген Қайыпбекұлы және Отырар ауданы Жастар ресурстық орталығының басшысы Досанов Азамат Әлімбайұлы, колледж студенттері қатысты.
Семинар барысында Аманбай Ерманұлы қаржылық сауаттылықты арттырып, алаяқтық схемалардан қалай сақтану керектігін үйрету мақсатындағы семинардың негізгі міндетіне тоқталып, тақырып аясында жан-жақты ақпарат беріп өтті. Мұнан соң колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жархынбеков Талапжан Сағатқұлұлы «Қаржылық қауіпсіздік негіздері» алаяқтықтың алдын-алу, оған жол бермеу жөнінде арнайы презентация жасап, «Дроптар» деген кімдер, қаржылық алаяқтардың тұзағына қалай түспеуге болатындығы жөнінде баяндады.
Шара аясында Отырар ауданындағы тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру, олардың қаржылық қауіпсіздігін қорғау, қаржылық пирамидалармен, құмар, заңсыз ойын бизнестерінің, заңсыз есірткі айналымының алдын алу тақырыбында департамент мамандарымен бірге түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Мамандар пирамида ұйымдастырушыларын жауапкершілікке тартуға болатынын, ондай ұйымдарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын, ал ақшалай қаражат тарту және пирамидаларды жарнамалау үшін қатысушыларға әкімшілік жаза қолдантылатынын, мұндай істер алаяқтық болып табылатынын мәлім етті.
Жиында қатысушылар тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, оған Түркістан облысы экономикалық тергеу-тексеру департаментінің офицері Сабыр Аманбай Ерманұлы жан-жақты жауап берді.
Семинар қорытындылыған колледж директоры Бейсен Талғат Қайбылдаұлы жалпы жастардың қаржылық сауатын арттыру бағытында түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізу керектігін айта келе, арнайы келіп колледж студенттеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізген мамандарға алғысын білдірді.