ОТЫРАРДА ЖАҢА САЯБАҚ ПЕН ЕҢСЕЛІ ЕСКЕРТКІШТІҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

ОТЫРАРДА ЖАҢА САЯБАҚ ПЕН ЕҢСЕЛІ ЕСКЕРТКІШТІҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

ОТЫРАРДА ЖАҢА САЯБАҚ ПЕН ЕҢСЕЛІ ЕСКЕРТКІШТІҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

Отырар ауылында тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған игі бастама жүзеге асып, жаңа орталық саябақтың және Кеңес Одағының Батыры Темірбек Ибрагимовтің ескерткішінің ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты шараға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Жамалханұлы Ұзақов, аудандық қоғамдық кеңес пен ардагерлер кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, батырдың туыстары, ауыл тұрғындары және жастар қатысты.
Жиында туған жердің қадірі, ел тарихын ұлықтау, кейінгі ұрпаққа тағылымды мұра қалдырудың маңызы сөз болды. Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы Отырардың әрбір азаматы үшін туған өлкенің орны ерекше екенін атап өтіп, ауылдың әлеуметтік және мәдени әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.
Аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Жамалханұлы Ұзақов жаңа саябақ ауыл тұрғындарының демалысын тиімді ұйымдастыруға, қоғамдық кеңістікті абаттандыруға және елді мекеннің көркін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Шара барысында ақын, «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков, «Игілік ата» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, жазушы Нәсен Қожабаев, Кеңес Одағының Батыры Темірбек Ибрагимовтің туысы Еркін Мұсаханов, және ел ағалары, Отырар ауданының «Құрметті азаматы» Мүтәлхан Әбилаханов, Отырар ауданының құрметті азаматы Мырзахмет Темірбеков, Түркістан облысының «Құрметті азаматы», «Парасат» «Құрмет» орденінің иегері Серікбай Ибадуллаев, келелі істердің ұйытқысы болып жүрген Серік Дербісовтер құттықтау сөз сөйлеп, игі бастамаға өздерінің жылы лебіздерін білдірді.
Салтанатты шараның маңызды бөлігі – Кеңес Одағының Батыры Темірбек Ибрагимовтің ескерткішін гүл қою рәсімі болды. Ел қорғаған ердің есімін ұлықтау – жас ұрпаққа отансүйгіштік пен елге қызмет етудің жарқын үлгісін насихаттаудың маңызды бағыты.
Іс-шара соңы мерекелік концерттік бағдарламаға ұласып, өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты.
Жаңа саябақтың ашылуы мен батыр ескерткішінің бой көтеруі – Отырар ауылының қоғамдық келбетін жаңғыртып қана қоймай, туған жерді қадірлеу, ел тарихын ұлықтау және ұрпақтар сабақтастығын нығайту жолындағы маңызды қадам болды.