АУДАНДА ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ШАРА ӨТТІ

АУДАНДА ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ШАРА ӨТТІ
Бүгін ауданда 9 мамыр - Жеңістің 80 жылдығы мерекесіне орай «Ер есімі - Ел есінде» атты салтанатты шара өтті. Көксарай ауылында өткен меркелік жиында Отырар ауданының Құрметті азаматы, меценат Жанысбеков Оразхан Кенжеғұлұлының демеушілігімен Ұлы Жеңістің 80-жылдығына орай қайта жаңғыртудан өткен «Көксарай құтты мекенім» естелік саябағының ашылуы өтті.
Шараға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов арнайы қатысып, жаңа кешеннің салынуына атсалысқан азаматтарға алғыстарын айтты.
Аудан әкімі құттықтау сөзінде: «80 жылдық тарихы бар Ұлы Жеңіс елімізге оңайлықпен келмеген. Отты жылдарда «Отан үшін» ұранымен қазақстандықтар да, оның ішінде отырарлық әрбір азаматта, әрбір жанұясы Жеңіс шыңына жету жолында аянбай үлес қосқаны баршамызға мәлім. Алыста жүрсе де туған жерінің, туған ауылының гүлденуіне атсалысып жүрген азаматтар қаншама. Бұл нағыз патриотизмнің айқын көрінісі деп білемін. Біз бүгін Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ауылдың жанашыр азаматы Жанысбеков Оразхан ағамыздың демеушілігімен Көксарай ауылында салынған «Құтты мекен - Көксарай» естелік саябағының ашылу сатанатына куә болып отырмыз. Міне, «Ер туған жеріне» деп дана халқымыз атап өткендей ауыл азаматының өнегелі ісі кейінгі жастарға үлгі болары сөзсіз»-десе, аудандық мәслихат төрағасы «жаңа саябақ - елін сүйген отаншыл азаматтарымыздың ерлікке тұрарлық өнегелі істерінің көрінісі деп санаймын. Осы іске бастамашыл болып, ауылдың гүлденуіне атсалысқан Оразхан бауырымызға аудандық мәслихат депутаттарының атынан және өз атымнан шынайы алғыс айтамын» - дей келе ер есімін ел есінде қалдыру - тарихи белес, сондықтан жаңа қазақстандық патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде бүгінгі шара айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
Сонымен қатар, аталған шарада аудандағы тыл ардагерлеріне мемлекет басшысының «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалі табысталды.
Мерекелік жиында ҚР мәжіліс депутаттары Олжас Құттыбеков, Құдияр Біләл ерлікке тағзым етіп, өнеге боларлық істің басы-қасында жүрген азаматтарға ризашылықтарын жеткізсе, ауыл қариялары Мүтән Раманқұлов пен ауданның құрметті азаматы Қанжігіт Сыздықов ақ баталарын берді.
Мұнан соң саябақтағы «Ерлікке тағзым» монументіне анайы гүл шоқтары қойылып, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық әндерді шырқап, театрландырылған қойылым көпшілік назарына ұсынылды. Жиынға келген көпшілік саябақты аралап, елін қорғаған майдангерлер мен еліне қызмет еткен ерлердің есімдері жазылған тақтаны көріп, танысты.