9 мамыр - Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесі қарсаңында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы алтын құрсақты аналарды қабылдап, құрмет көрсетті. Ардақты жандарға ҚР Президентінің Жарлығымен «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерін табыстады.
Аудан басшысы еліміздің демографиялық дамуына үлес қосып жүрген батыр аналарға айрықша алғыс білдіріп, қоғамдағы ана мен баланың рөлі өте маңызды екенін атап өтті. Өскелең ұрпақтың бойына Отансүйгіштік, адалдық қасиеттерді дарытып, еліне адал қызмет етуге тәрбиелеуде ата-ананың рөлі жоғары екенін жеткізді.
Мейірімге толы шарада құрметке бөленген аналар «бүгінгі бейбіт күніміз ұзағынан сүйіндіріп, жас ұрпақ алаңсыз өмір сүруі үшін біздің Отан қорғаушы сарбаздарымыз аман-есен болсын» деген ізгі тілектерін айтып, ризашылықтарын білдірді.
Жыл сайын Мемлекет Басшысының Жарлығымен жеті және одан артық баланы дүниеге әкелген аналарға «Алтын алқа» наградасы, ал алты баланы дүниеге әкелген аналарға «Күміс алқа» беріледі. ҚР Президентінің 2024 жылғы 23 желтоқсандағы №739 Жарлығы бойынша отырарлық 4 анаға «Алтын алқа» және 17 анаға «Күміс алқа» белгілері табысталып отыр.
Айта кету керек, бүгінде Отырар ауданында 82 батыр ана, «Алтын алқа» орденімен марапатталған 693 ана, «Күміс алқа» орденімен марапатталған 1336 ана, І-ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған 150 ана бар.