9 мамыр - Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойына және 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған әскери-патриоттық іс-шара ұйымдастырылды.
Өскелең ұрпақтың отансүйгіштік пен елге деген құрмет сезімін арттыруды мақсат еткен шара алдымен ауданнан шыққан қос Кеңес Одағының батырлары С.Әшіров пен Т.Ибрагимов ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімінен бастау алды.
Шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихаттың төрағасы Уәлихан Ұзақов, аудан прокуроры Бақытхан Булеулиев пен аудандық арадгерлер кеңесінің төрағасы Бектіқұл Арзықұл ескерткішке гүл шоқтарын қойып, отан қорғау жолында жанын берген батырларды еске алды.
Шәуілдір ауылындағы «Арыс жағалауы» саябағында орналасқан ескерткіш пен мемориалдық тақта Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан майдангерлерді мәңгі есте қалдыруға арналған қасиетті орын.
Өткенімізге шегініп қарайтын болсақ, осыдан 80 жылдан астам уақыт бұрын адамзат тарихында ең ауыр және қанды соғыстың соңғы оқтары атылды. Сол бір сұрапыл жылдарда 3 000-нан астам отырарлықтар майдан даласына аттанып, 2 466 боздақ туған жерге оралмады. Отырарлық Сейітқасым Әшіров пен Темірбек Ибрагимов ең жоғарғы награда Кеңес Одағының батыры атағын алды. Қайсар рух пен көзсіз ерліктің үлгісі болған батырларымыздың есімдері мен ерліктері мәңгілік ұмытылмайды.