9 мамыр - Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойына және 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік іс-шара Ынталы елді мекеніндегі «Жеңіс» саябағында аталып өтті.
Салтанатты жиынға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихаттың төрағасы Уәлихан Ұзақов қатысып, Қазақстан Қарулы күштері, құқық қорғау және азаматтық қорғаныс органдарының қызметкерлері мен ардагерлерін мерекемен құттықтады.
Аудан басшысы құттықтау сөзінде: «Егемен еліміздің айшықты да, айбынды мерекесі – Отан қорғаушылар күні екені сөзсіз. Тәуелсіздіктің алғашқы таңында еліміздің Қарулы Күштері құрылып, өз әскеріміз жасақталды. Ұлан-ғайыр атыраптың арасын антына адал сарбаздарымыз абыроймен күзетіп келеді. Осы бейбіт күніміз ұзағынан сүйіндіріп, жас ұрпақ алаңсыз өмір сүруі үшін, Отан қорғаушы сарбаздарымыз аман-есен болып, еліміздің шекарасын қас қақпай қорғауын тілеймін»,-десе, аудандық мәслихат төрағасы ел қорғаушылары мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін берік тірек екенін айта келе, бейбіт өмірдің қадірін түсінетін әрбір азамат үшін бұл мерекенің маңызы зор екенін атап өтті.
Салтанатты шара барысында мінсіз қызметімен ерекшеленген қызметкерлер облыс әкімінің граммоталарымен, аудан әкімінің және аудандық мәслихат төрағасының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Әскери патриоттық жиында аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлім басшысы подполковник Мұхтар Әуезұлы баяндама жасап, баяндамасында ер азамат үшін туған жердің тұтастығын, туған елдің тыныштығын күзетуден асқан абырой жоқ екеніне тоқталды.
Мерекелік шара оданы әрі концерттік бағдарламаға ұласып, аудан өнерпаздары көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Шарада әскери патриоттық көрме көпшілік назарына ұсынылып, қатысушылар солдат ботқасынан дәм татты. Әскери жаттығу ойындары қойылып, жеңіс ленталары таратылды.