АУДАНДА БІРЛІК МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ

АУДАНДА БІРЛІК МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Отырар ауданында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы және 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Бірлігіміз жарасқан» атты мерекелік жиын өтті.
Шараның мақсаты – ұлттар арасындағы татулықты насихаттап, бірлік пен бейбітшіліктің қоғам үшін маңызын көрсету болды. Мерекелік шараға келген қонақтар алдымен аудандық орталық кітапхананың кітап көрмесімен танысып, «Отырар өнері және саз» мектебі өнерпаздарының өнерін тамашалады.
Салтанатты шараға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы арнайы қатысып, аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады.
Аудан басшысы құттықтау сөзінде: «Халқымыздың «Ырыс алды – ынтымақ» деген қанатты сөзінің астарында үлкен мән бар. Ел бірлігі, достық пен бауырмалдық, бейбіт күннің, татулықтың темірқазығындай ең басты құндылық – бекем бірлік біздің баға жетпес байлығымыз болып табылады. Біз - әлемде ұлтаралық бірлігімен және татулығымен ерекшеленетін ұлт екенімізді ескерсек, тұрақтылық пен бейбітшілік ерекше үйлесім тапқан елміз. Бірлік пен ынтымақтың мекеніне айналған ауданымыз жыл өткен сайын көркейіп, кемелденуде, экономикасы өрге басып келеді. Бірқатар маңызды бағыттар бойынша ауданда жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізілді. Осы жетістіктердің бәрінде аудан тұрғындарының татулық пен бірлікке бағытталған қажырлы еңбегі мен ақ ниеті жатыр»,-дей келе ауданда халықтың бірлігі мен ынтымағын арттыруға үлес қосып, түрлі салаларда жетістікке жетіп жүрген азаматтарды алғыс хаттармен марапаттады.
Мерекелік шара одан әрі концерттік бағдарламаға ұласып, аудан өнерпаздары елдің ынтымағы мен асқақ рухын, бейбітшілік пен достықты дәріптейтін патриоттық әндерді шырқады.
Шара барысында түрлі ұлт өкілдері қазақ жазушыларының шығармаларын жатқа айтып, қиын-қыстау кезеңдерде құшақ жая қарсы алып, бауырына басқан халықтың кеңпейілдігіне ризашылығын жеткізді. Сахнада ұлттар биі көпшілік назарына ұсынылып, мың бұралған бишілер көрермендердің қошеметіне бөленді.