Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада жүлдегері мен республикалық байқау жеңімпаздарын қабылдады. Аудан басшысы ел болашағы - жастарға ақыл-кеңестерін айтып, алдағы сайыстарға оқушыларға сәттілік тіледі.
Аудандық білім бөліміне қарасты М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектебінің 10 сынып оқушысы Ұлту Бауыржанқызы 21-25 сәуір аралығында Көкшетау қаласында ҚР оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен өткен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада ағылшын тілі пәнінен ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ, С.Әшіров атындағы жалпы білім беретін мектебінің 10 сынып оқушысы Таңшолпан Айдосқызы республикалық «Абайтану - 2025» олимпиадасында ІІІ орынды иеленсе, осы мектептің 10 сынып оқушысы Аружан Ержанқызы мен 9 сынып оқушысы Саян Асқарұлы «Ясауитану-2025» байқауының республикалық кезеңінде ІІ және ІІІ орындарды иеленіп, мерейімізді үстем етті. Ал, Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы Асылжан Есімханұлы «Бала шешеннен – дана шешенге» атты республикалық байқауда бас жүлдені қанжығасына байлап, ауданымыздың абыройын асқақтатты.
Мектептің айнасы, білікті мамандардың, ұлтқа қызмет етер азаматтардың қалыптасуына ықпал етер ұстаздардың еңбегі әркез жоғары. Осы орайда аудан әкімі жетістікке жеткен мектеп оқушыларымен бірге олардың ұстаздары М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Замира Махатайқызын, С.Әшіров атындағы жалпы білім беретін мектебінің мұғалімдері Қаракөз Сұлтанбекқызы мен Гүлжан Құдайбергенқызын және Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі Раушан Оразбайқызын арнайы қабылдап, ауданымыздың білім беру саласын өркендетуге қосқан елеулі үлестері үшін шынайы ризашылығын білдірді.
Аудан әкімі өз сөзінде: «Сіздердің жетістіктеріңіз ауданымыздың ғана емес, облысымыздың да мәртебесін асқақтатып, білім беру сапасының артуына серпін берді. Кез келген мемлекеттің дамуында білім саласының алар орыны ерекше. Бүгінде елімізде білім саласында бірқатар реформалар жүзеге асып, балалардың сапалы білім алуына жағдай жасалуда. Ауданымызда да білім беру ісін жетілдіру мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінгі мектеп қабырғасында білім алып жүрген жас буын ертеңгі еліміздің тізгінін ұстап, мемлекетімізді өркендетуге үлес қосар жас маман. Сіздер сапалы білім алып, мемлекетіміздің берік қалқаны боласыздар деп сенемін! Өздеріңіз секілді саналы ұрпақ пен ұлағатты ұстаздар барда тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, еліміздің мәртебесі асқақтай беретініне сенімім мол!»,-дей келе, ұлағатты ұстаздар мен жеңімпаз оқушыларға жылы лебізін білдіріп, сый-сияпат жасап құттықтауын жеткізді.