АУДАНДА КӨШЕТ ЕГУ МАУСЫМЫ БАСТАЛДЫ

АУДАНДА КӨШЕТ ЕГУ МАУСЫМЫ БАСТАЛДЫ
Әне-міне дегенше қыстың қаһарлы күндерін артта тастап, көктемнің шуақты күндері де келіп жетті. Ауданда көктемнің алғашқы күндерінен бастап көгалдандыру жұмыстары басталады. Осы мақсатта «Таза Қазақстан» экологиялық іс-шарасы аясында «Отырар -2050» мекемесі арқылы «Отырар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің» тұқымбақтарында өсірілген көшеттерді алып, егу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған.
Аталған жоспарлы жұмыстардың жүзеге асуын бақылау мақсатында аудан әкімінің орынбасары Сейітқұл Қыдырбай Құнанбайұлы Қоғам ауыл округінде орналасқан Отырар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің тұқымбағында болды. Жауапты сала мамандарымен бірге барған аудан әкімінің орынбасары көгалдандыру жұмыстары барысында жергілікті жердің климаттық жағдайына бейімделген көшеттерді егудің маңыздылығын атап өтті.
Ол өз сөзінде: «Орман шаруашылығында өсірілген көшеттердің ерекшелігі де осында. Олар жергілікті топырақ пен климаттық жағдайларға толық бейімделген. Соның арқасында бұл жасыл желектердің тіршілікке бейімділігі жоғары, әрі жылдам өсіп, ұзақ жылдар бойы аудан аумағын көгалдандыруға үлес қосады. Көшет егу жұмыстарынан бөлек олардың дұрыс өсіп-жетілуі үшін қажетті күтім жасау басты мәселе. Бұл жұмыстар аудан әкімінің тікелей бақылауында. Сондықтан алдағы көктем айларында тиісті жұмыстары сапалы ұйымдастыру қажет»,-деді.
Жалпы елді мекендерді көгалдандыруға арналған іс-шара жоспарына сәйкес Отырар орман шаруашылығынан 27500 түп ағаш көшеттері алынып, аудан орталығы мен барлық ауыл округтеріндегі жасыл аймақтарға отырғызу жоспарлануда. Бұл жұмысқа көгалдандыру мекемесінің қызметкерлерінен бөлек ерікті тұрғындар, аудан жастары, мекеме қызметкерлері қатысады. Ағаш көшеттерін отырғызу науқаны сәуір айының екінші онкүндігіне дейін жалғасады.