Елімізде әлеуметтің әлеуетін арттыру бағытында қолға алынған жобалар мен мен мемлекеттік бағдарламалар өз жемісін беріп келеді. Бірі «Ауыл аманаты» арқылы жеңілдетілген несие алып, кәсібін дөңгелетіп жатса, бірі мемлекеттік қайтарымсыз грант арқылы кәсіпкерліктің алғашқы қадамдарын жасауда.
Солардың бірі – Отырар ауданы, Шытты ауылының тұрғыны Есбол Ерден мемлекеттік қайтарымсыз грантты жеңіп алып, темірден ою-өрнек, қақпа жасау ісін қолға алған. Жастайынан еңбекке шыңдалған азамат жаңалықтардан қайтарымсыз қаражат алып, кәсіп ашқандар туралы көрген. Өз кәсібін ашуға бел буған Есбол Ерден 2024 жылдың мамыр айында мемлекеттік қайтарымсыз грантқа мүгедектігі бар балаға қарушы санатымен өтініш беріп, 06.06.2024 жылы «Қазақы нақыштағы заманауи ою өрнек темір өндірісі» бизнес жобасын сәтті қорғап 1 476 800 теңге мемлекеттік грант қаражатын алды.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Түркістан облысына жасаған сапарында кәсіпкердің шағын цехында болып, жұмысының жай-күйімен танысты.
Темір ию, ою-өрнек әзірлеу, дәнекерлеу сынды жұмыстарының барысы және дайын өнім түрлерін таныстырған Есбол Сәрсенбайұлы кәсіп ашудың және аталған жобаның маңыздылығын да атап өтті.
Жоба жеңімпазы ретінде берілген қаражатқа ЧПУ станогын алған кәсіпкер ауыл тұрғындарының тапсырыстарын орындап, сәкі, тапчан, темір қақпа жасауда. Бүгінгі таңда айынақ 4-5 темір қақпа жасап, тұтынушылардың көңілінен шығатын дизайнмен ұсынып келеді. Өз кәсібін одан әрі дамытуды көздеп отырған Ерден Есбол заманауи үлгідегі қазақша, хайтек сынды стильдердегі қақпалар жасауды жоспарлап отыр.
Темірден түйін түйген жан кәсіптің көзін таба білсе, үйден де үйдей табыс табуға болатынын жалықпай айтып келеді.